2027-2028 оқу жылынан бастап сотталғандар жоғары оқу орындарына түсіп, ақылы-келісімшарт негізінде онлайн оқи алады. Оқыту есебінен қайталама қылмысты 30%-ға қысқарту жоспарлануда. Өзбекстан президентінің «Жазаны орындау мекемелерінде жазасын өтеп жүрген адамдарды бостандыққа шығаруға дайындау және олардың әлеуметтенуін қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысы қабылданды.
Қаулыға сәйкес, 2027-2028 оқу жылына дейін жазаны орындау мекемелерінде 310 оқу кабинеті мен практикалық сабақтарға арналған 420 үй-жай ашу жоспарланып отыр.
2030 жылға дейін еңбек нарығында сұранысқа ие кемінде 50 мамандық бойынша білім беру бағдарламалары енгізіледі.
Сондай-ақ алға қойылған мақсаттардың қатарында жыл сайын кемінде 15-20 мың сотталған азаматты сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және оларды кәсіптік оқыту есебінен қайталама қылмыс деңгейін 30%-ға төмендету бар.
2027-2028 оқу жылынан бастап «Жаңа өмір» бағдарламасы аясында:
– сотталғандар жоғары оқу орындарына түсіп, ақылы-келісімшарт негізінде қашықтан білім алу мүмкіндігіне ие болады;
– жоғары оқу орындарына түскен сотталғандар үшін колонияларда қашықтан оқытуға арналған бейнеконференц байланыс құралдарымен жабдықталған арнайы бөлмелер бөлінеді.
Бұдан бөлек, жас сотталғандар арасында сайлау арқылы жастар белсенділері анықталып, оларға тоқсан сайын 3 БЕС (базалық есептік шама – 1,32 млн сом) мөлшерінде сыйақы төленеді.
Сонымен қатар барлық колониялардағы сотталғандар арасында «Ёш китобхон» («Жас оқырман») қашықтан байқауы ұйымдастырылып, кітапханаларда «Мутолаа» платформасына қолжетімділік қамтамасыз етіледі.