- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Олжас Бектенов Ақтөбедегі тау-кен металлургия кәсіпорындарын аралады
Олжас Бектенов Ақтөбедегі тау-кен металлургия кәсіпорындарын аралады
Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында «Ақтөбе мыс компаниясы» мен ERG тобының кәсіпорындарын аралады.
19 Қараша 2026, 13:20
Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өндірістік қуаттарды кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін қарады. ERG тобы алдағы жылдары Қазақстанда жалпы құны 3,4 млрд доллар болатын төрт ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұмыс сапары аясында Премьер-министр Хромтау ауданындағы «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің өндірістік алаңын аралады. Мұнда мыс және мыс-мырыш кендерін өндіру мен байыту жұмыстары жүргізіледі.
Кәсіпорында Олжас Бектенов кен байыту фабрикасының жұмысымен танысып, күрделі кен құрамынан мыс пен мырышты бөліп алуға мүмкіндік беретін технологияларды көрді. Өндірісте пайдалы компоненттердің жоғалуын азайтуға бағытталған селективті және ұжымдық-селективті флотация әдістері қолданылады.

Сонымен қатар өндіріс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін отандық цифрлық шешімдер енгізілген. Олардың қатарында «Флотация операторының цифрлық көмекшісі» және тау-кен көлігін басқарудың автоматтандырылған жүйесі бар.
«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директоры Фарит Суфьяновтың айтуынша, кәсіпорын жылына 5 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы. Компания жұмысын бастағалы бері өндірісті дамытуға 407 млрд теңге инвестиция құйылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Қазір кәсіпорын «Октябрьге 50 жыл» және «Приорское» кен орындарында жерасты кеніштерін салу, сондай-ақ «Лиманное» кен орнындағы өндіріс көлемін кеңейту жобаларын жүзеге асырып жатыр. Осы жобаларды ескергенде инвестициялардың жалпы көлемі 800 млрд теңгеден асады. Бұл өндірістің шикізат базасын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

ERG тобы $3,4 млрд инвестиция құяды
Бұдан кейін Премьер-министр «Қазхром» ТҰК» АҚ өндірістік алаңында болып, компанияның көрсеткіштерімен және алдағы даму жоспарларымен танысты.
ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев жалпы инвестиция көлемі 3,4 млрд доллар болатын төрт негізгі бағытты таныстырды.
Атап айтқанда, құны 1,3 млрд доллар болатын алюминий кластерін құру, энергетика саласын дамытуға шамамен 1 млрд доллар бөлу, «Болашақ» шахтасының екінші және үшінші кезектерін салуға 800 млн доллардан астам қаражат бағыттау, сондай-ақ 300 млн долларға темір кенін байыту фабрикасын салу жоспарланып отыр.

Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру көзделген. Алғашқы нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған. Олардың қатарында автомобильге арналған алюминий дискілерін шығаратын зауыт бар. Сонымен бірге Ақтөбеде қалдықтарды кәдеге жарату электр стансасын салу және галлий өндірісін іске қосу жұмыстары жүргізіледі.
2028 жылы Ақсу электр стансасының №7 энергоблогын іске қосу және Павлодар алюминий зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңін аяқтау көзделген. Ал 2029 жылы «Тассай» жел электр стансасы мен темір кенін байыту фабрикасын іске қосу, Павлодар алюминий зауытын жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтау және жаңа ҚЭЗ-2 электролиз зауытын салу жоспарланып отыр.
Одан кейінгі кезеңде, яғни 2030 жылы Шымкент ЖЭО-3-те газ турбиналық қондырғыны іске қосу көзделген. Ал «Болашақ» шахтасының екінші және үшінші кезектерін толық іске асыру 2034 жылға дейін жалғасады.
Отандық алюминийден жылына 500 мың автомобиль дискісі шығарылады
Кездесу барысында алюминийді терең өңдеу және дайын өнім өндірісін дамыту мәселесіне де назар аударылды.
2027 жылдың соңына қарай отандық алюминийден жылына 500 мыңға дейін автомобиль дискісін шығару жоспарланып отыр. Өнімдерді өткізу бағыттарының қатарында Astana Motors және Hyundai компаниялары бар. Тиісті ынтымақтастық жөнінде меморандумдар жасалған.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Олжас Бектенов өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту мен инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызын атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, отандық кәсіпорындарды дамыту, өндіріс қуаттарын кеңейту және қосылған құны жоғары өнім шығару үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Осыған байланысты Олжас Бектенов кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту, минералдық шикізатты терең өңдеу, ірі компаниялардың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ отандық өндірушілермен және шағын, орта бизнес субъектілерімен ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін айтты.
Ең оқылған:
- Қазақстан «жұмсақ күш» рейтингінде бес сатыға көтеріліп, Орталық Азияда бірінші орынға шықты
- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Жоғарғы сотының төрағасы Игорь Красновты қабылдады
- Жөнделмеген жол үшін 45 млн теңге аударған: Прокуратура мен ҰҚК шенеуніктерді тексеріп жатыр
- Өзбекстанда сотталғандарға жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі
- Қасым-Жомарт Тоқаев Латвия президентін ұлттық мерекемен құттықтады
Жанерке Жәкен