«Болашақ» бағдарламасы аясындағы жоғары оқу орындарының тізімі бекітілді

1 Мамыр 2021, 13:43
2139
Бөлісу:
«Болашақ» бағдарламасы аясындағы жоғары оқу орындарының тізімі бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №200 бұйрығымен 2021-2023 жылдары «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде оқу үшін ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі бекітілді. 

Алғаш рет жоғары оқу орындардың тізімі бірден 3 жылға бекітілді. Бұл формат үміткерлерге «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысуды жоспарлау мен дайындалуда қолайлы жағдай жасау мақсатында енгізілді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына енгізілген өзгерістердің арқасында 2021-2023 жылдарға арналған шетелдік жоғары оқу орындарының тізімі сапалық және сандық жағынан да өзгерді.

Тізімге екі және одан да көп академиялық рейтингтердің (QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education) топ-250 позициясына кіретін 207 шетелдік жоғары оқу орны кіреді. 

Тізімде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытудың басым бағыттары бойынша көшбасшылық орындағы 27 елдің жоғары оқу орындары ұсынылды. Үміткерлер 2021 жылға арналған басым мамандықтар тізбесіне енгізілген мамандықтардың біреуі бойынша осы ЖОО-лардың біріне түсіп, «Болашақ» халықаралық стипендиясын алуға өтінім бере алады, - деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ. 

 

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2021 жылғы 4 мамырда басталып, 28 қазанға дейін жалғасатынын еске саламыз. 

2021-2023 жылдарға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізімімен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ресми сайтында  танысуға болады.


 

Өзгелердің жаңалығы