Болашақ әскери ұшқыштар жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтарында тәжірибесін шыңдауда

25 Маусым 2021, 21:05
2535
Бөлісу:
Болашақ әскери ұшқыштар жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтарында тәжірибесін шыңдауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балқаш қаласындағы авиациялық оқу-жаттығу орталығында екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының үшінші және төртінші курстарының 22 курсанты жаңартылған Aero L-39 Albatros ұшақтарымен ұшуға кірісті.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Олар ұшу кезінде 600 метрге дейін көтерілуді, 300 км/сағ жылдамдықпен шеңбер жасап ұшуды, содан кейін қонуға беттеуді, қонбай қайту ұшуды орындайды. Бұндай тәжірибеде ұшақтың дөңгелектері ұшу-қону жолағына тиіп, тежегішті баспай, қайта ұшады.

Биылғы ұшу тәжірибесінің бір ерекшелігі – болашақ ұшқыштар жаңа сандық авионика, катапульттеу жүйелері, байланыс құралдары және объективті бақылау орнатылған Л-39 жетілдірілген нұсқасымен ұшады. Жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтары жаңартылып, 2021 жылы наурызда авиациялық оқу-жаттығу орталығына жеткізілді. Олар курсанттарды қарапайым және күрделі ауа райында ұшу техникасының, жауынгерлік элементтерді қолданудың негіздерін оқытуға, сондай-ақ оқу орындары мен әскери бөлімдердің ұшу құрамын жаттықтыруға арналған.

Бұл Л-39 «Альбатрос» ұшағының жетілдірілген нұсқасы, ол бізге әскери авиациялық кешендерді одан әрі меңгеруге, ұшқыш-түлекті жоғары деңгейде даярлауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті авиациялық оқу-жаттығу орталығы командирінің орынбасары, подполковник Мақсат Буратаев.

Аэродинамика заңдарын, қозғалтқыш құрылғылары мен әуе кемесінің конструкциясын білуден басқа, болашақ ұшқыштар ұшу жұмысын реттейтін құжаттарды, ерекше жағдайлардағы іс-қимыл жөніндегі нұсқаулықтарды пысықтауы тиіс.

Болашақ әскери ұшқыштар жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтарында тәжірибесін шыңдауда

Жаңартылған ұшақта алғашқы дербес ұшқанымда алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Рас, алдымен техниканы сынап көру өте қызықты болды, өйткені алдыңғы кабинаның жабдықтары өте өзгеше. Эргономика өзгерді. Басқару тақтасын бағдарлау өте ыңғайлы және қолайлы. Функционалы жағынан бұл ұшақ өзінен бұрынғы ұшақтардан бір саты жоғары, – деді 4-курс курсанты Абзал Байтақ.

Осы уақытта Қарағанды облысында авиациялық оқу-жаттығу орталығының базасында майдандық және әскери-көлік авиациясы мамандықтары бойынша білім алып жатқан 38 курсант ұшу тәжірибесіне кірісті.

Майдандық авиация курсанттарының ұшу даярлығы FK-14 B2 «Polaris» және P2002 JF «Sierra» бір моторлы поршеньді ұшақтарында өтеді. Әскери-көлік авиациясының болашақ ұшқыштары Tecnam P2006T екі қозғалтқышты көп мақсатты ұшу аппаратымен жұмыс істейді.

Болашақ әскери ұшқыштар жауынгерлік оқу-жаттығу ұшақтарында тәжірибесін шыңдауда

Ұшу құрамын сапалы дайындауда жердегі техникалық қызмет көрсету құралдарының, радиолокациялық станциялардың және байланыс мамандарының маңызы зор.

Балқаштағы ұшу тәжірибесі биыл қазан айының ортасына дейін, Қарағандыда – қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады.

Әскери білім ордасын аяқтар алдында курсанттарда 80-нен астам сағат ұшу практикасы болады.

 


Өзгелердің жаңалығы