Боксшыларымыз соңғы минуттарда алтын медальді «жұлып» алады – комментатор

3 Тамыз 2021, 20:48
4806
Бөлісу:
Боксшыларымыз соңғы минуттарда алтын медальді «жұлып» алады – комментатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Токио Олимпиадасы ойындарында жарыстың 12-күні өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге үш медаль бар, барлығы – қола. Елге алғашқы марапатты дзюдошы Елдос Сметов әкелді. Сондай-ақ екі қоланы ауыр атлеттеріміз Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло жеңіп алды.

«Хабар» телеарнасының спорттық хабар тарату жетекшісі, белгілі комментатор Асхат Жақаев қазақстандық спортшылардың өнері туралы пікірін ортаға салды.
– Бұл Олимпиаданың алдыңғы ойындардан қандай өзгешелігі бар? Оның басты ерекшелігі һәм күрделілігі неде?

– Трансляциядан бірнеше сағат бұрын ұйымдастырушылармен келіссөздер жүргізілді. Бір күн бұрын Олимпиаданы тоқтату туралы көптеген ақпарат болды. Көбісі бұл әлі болады деп сенбеді.

Біздің шығармашылық бригадамыз ұзақ дайындалды, біз «Хабар» арнасында тәжірибелі комментаторлар командасын жинадық. Өкінішке қарай, жапондар бізге сценарий жібермеді. Бәрі өздігінен болды. Шынымды айтсам, мен алғаш рет осындай үлкен адреналинді бастан өткердім.

Бірақ, бақытымызға орай, ойындар өтті. Бұл оқиға бүкіл әлемге әдеттегі өмірге қайта ораламыз деген үміт берді. Адамдар әлемдік деңгейдегі осындай оқиғаларды сағынды. Мұны рейтингтер де растайды. Көрермендердің қызығушылығы өте жоғары. Біз қазақстандықтардың трансляция болмайды дегенге білдірген қынжылысын барынша сезіндік.

– Трибуналарда көрермендер жоқ. Бұл спортшыларға әсер етті ме?

– Көрермендердің қатысу атмосферасы мен трибуналардың шуы спортшыларға қосымша қолдау көрсетеді. Бірақ бұл оларға жетіспей тұр. Бұған пандемия зор әсер етіп отыр. Олимпиада көрермендерсіз көп нәрсені жоғалтты. Қазір біздің спортшыларға қазақстандықтардың қолдауы бұрынғыдан да қажет.

– Бұл – Қазақстан үшін жетінші жазғы Олимпиада ойындары. Біздің құрама ешқашан ойыннан «алтынсыз» оралмаған. Қандай болжам айтасыз?

– Қазір қандай да бір болжам жасау қиын, себебі оқиғалардың даму барысын болжау мүмкін емес. Иә, өкінішке қарай, біз күткен кейбір спортшылар жарыстан шығып қалып жатыр. Бірақ біздің олимпиадалық құрамада тұғырдағы ең биік орындарға «ауыса» алатын жарқын өкілдер қалды. Қазір оларға үлкен жауапкершілік жүктелген.

– Қазақстандық жанкүйерлер боксшы Василий Левит пен жүзуші Дмитрий Баландиннен үлкен үміт күтті. Бірақ, өкінішке қарай, медаль алады деген үміт орындалмады. Не болды деп ойлайсыз? Біздің спортшыларға не жетіспеді?

– Василий Левитке келетін болсақ, біз расымен мұндай болады деп күткен жоқпыз. Василий ол қарсыласын оңай жеңуі керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, спортта бәрі болады. Ол көптеген соққы жіберіп алды. Оның бұл жеңілісі жұмбақ болып қалды. Мен үшін де бұл соққы болып тиді. Мұны қалай түсіндіруге болатынын білмеймін. Оған кәсіби боксқа өту керек деп есептеймін. Василий Левит жанкүйерлердің ерекше сүйіспеншілігіне ие. Енді ол кәсіпқой бокстағы чемпиондық титулға қол жеткізе алар еді.

Әрине, құрама командамызға да пандемия кесірінен Олимпиаданың ауысқаны кері әсерін тигізді. Спорт бір орында тұрмайды, біздің спортшылар да жас емес. Бірақ Олимпиадада өнер көрсету және ел намысын қорғау – бұл үлкен жетістік.

– Қазақстандық боксшылардың Токиода медаль жеңіп алатынына үмітіңіз бар ма?

– Әрине, бар. Қазақстандық боксшылар алдыңғы жарыстарда бірнеше рет көрсеткендей жауынгерлік қабілетке ие. Олар соңғы минуттарда алтын медалді «жұлып алуы» мүмкін.

Қазір біздің спортшыларымыз үшін ең бастысы – сынбау. Біз, қазақстандықтар, оларды қолдауға тиіспіз. Өзім біздің құрамамыздың кем дегенде бір алтын медаль әкелетініне сенемін!

Естеріңізге сала кетейік, Жапония астанасында 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Бұл – көрерменсіз өтіп жатқан бірінші Олимпиада. Пандемияға байланысты бір жылға кейінге қалдырылған жарыстар карантиндік шараларды сақтаудың қатаң жағдайларында өтіп жатыр.

Қазақстан Олимпиада құрамасының құрамында 97 спортшы бар.

Өзгелердің жаңалығы