Сал Мұхиттың туғанына 180 жыл толуына орай салт аттылар экспедициясы өтті

25 Тамыз 2021, 20:51
3677
Бөлісу:
Сал Мұхиттың туғанына 180 жыл толуына орай салт аттылар экспедициясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында рухани жаңғыру аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Сал Мұхиттың 180 жылдығына орай «Алаш музейінен Ақбақайға дейін» атты салт аттылар экспедициясы өтті.

 Экспедиция Қаратөбе ауданының орталығындағы «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану» музейі алдынан салтанатты түрде басталды. Аудан әкімінің сәт-сапар тілеуімен жолға шығып, Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылдық округіндегі тарихи орын, әнші Мұхиттың туған жері Ақбақайға дейін 70 шақырымдық қашықтықты атпен жүріп өтті - дейді экспедицияны ұйымдастырушы Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин.

Сал Мұхиттың туғанына 180 жыл толуына орай салт аттылар экспедициясы өтті

Аталған шара аттылы экспедицияның жұмысын облыстық, республикалық БАҚ-та, сайттарда жариялау арқылы Әнші Мұхиттың 180 жылдығын кең көлемде насихаттауды, экспедиция барысында сал Мұхит шығармашылығының ерекшеліктері туралы әңгімелеп (табиғатта, ат үстінде), осы тақырыпқа жұртшылықтың, жас ұрпақтың қызығушылығын оятуды көздейді.

Экспедиция мүшелері жол-жөнекей жүрген жерлерінің тарихынан мәлімет беретін видеотүсірілімдер жүргізді. Аққозы ауылдық округінің аумағында өмір сүрген Қоржын жырау, Ұзақ күйші туралы аңызға бергісіз әңгімелерді тыңдады. Сондай-ақ бұл өлке атақты ақын Қадыр Мырза Әлидің де кіндік қаны тамған мекені. Саралжын ауылдық округі аумағында сол жердің тарихи тұлғалары мен ескерткіштері туралы баяндалды. Ақбақай көлінің атауына қатысты Мерәлінің Ақбақай аты туралы айтылып, қызықты мағлұматтар берілді. Мысалы Мұқағали Мақатаевтың Ақбақайға келуі т.б. секілді. Сол жерде Мұхит әндері шырқалды - дейді экспедиция мүшесі атбегі, эколог-ғалым Алтай Зейнуллин.

Қаратөбе мен Ақбақай аралығы Мұхит салдың талай мәрте ат ізін салған жолы екеніне сірә, күмән жоқ. Экспедиция атауына қатысты Алаш тақырыбы, Алаш музейі мен әнші Мұхит шығармашылығының идеялық байланысы туралы да бірнеше тарихи дерек келтіруге болады. Соның бірі – сал Мұхиттың немересі Ғұбайдолла Мұхитовтың Жаһанша мен Халел бастаған алаштықтар қатарында белсенді әрекет етіп, Алаш сарбаздарын әскер ісіне баулуы.

1918 жылы Қаратөбедегі мешіт үйінде (осы күнгі «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану» музейінің ғимараты тұрған орында) өткен Орал облысы қазақтарының үшінші сиезінде (Қаратөбе сиезі) талқыланған маңызды мәселелердің бірі Алаштың әскерін жасақтау болса, осы бағытта Ғұбайдолла Мұхитов (әнші Мұхиттың немересі) бел шешіп қызмет етті. Ғұбайдолла Мұхитов Мұхит шығармаларын алғаш рет жинақтап, нотаға түсіруші Александр Затаевичке атасының көптеген әндерін аса көркем нұсқада, академиялық дәлдікпен орындап, жеткізе білген. Сөйтіп атасының ән мұрасының ғылыми тұрғыда хатталуына және оны ел ішінде таратуға зор еңбек сіңірген - дейді экспедиция ұйымдастырушысы. 

Сал Мұхиттың туғанына 180 жыл толуына орай салт аттылар экспедициясы өтті

Дәстүрлі ән, соның ішінде Мұхит әндері бабаларымыздың ат үстінде, табиғатқа етене жақын күн кешкен кезінде пайда болған өнер туындылары екені анық. 

Еліміздің батыс өңірінің көптеген халық әндері мен термелеріндегі домбыра қағысынан да жүйрік, желісті, жорға ат жүрісінің ырғағын аңғару қиын емес. Дәстүрлі өнердің кейбір сырларына қанығып, мағынасын тереңірек ұғыну үшін де табиғат аясында болып, ұшқан құс, жүгірген аңның қимылын бақылау, атқа мініп серуендеу – бізді бұрынғы бабалардың тұрмыс-тіршілігіне, көңіл-күй әсерлері мен жан сезіміне жақындата түсері даусыз. Сал Мұхитты дүниеге әкелген даланың бүгінгі көрінісін, бай тарихын әлеуметтік желілер арқылы жаңа форматта насихаттау, сондай-ақ дәстүрлі өнер туралы жас ұрпақ танымын арттыру тұрғысынан келгенде ұйымдастырылғалы отырған экспедиция айтарлықтай маңызға ие - дейді экспедиция мүшелері.

Экспедиция құрамы:

1. Алтай Зейнуллин – атбегі, эколог-ғалым.

2. Қайырбек Сағындықов – атбегі.

3. Нұртас Сафуллин – Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

4. Ернар Есенжанов – «Қаратөбе» спорт клубының нұсқаушы-әдіскері.

5. Бектұрсын Нағимуллин - "Қаратөбе" спорт клубының Аққозы ауылдық округі бойынша әдіскері

6. Бекжан Бақтығалиев - Аққозы ауылдық округінің тұрғыны.

Естеріңізге сала кетейік, осы жазда Бозоқтан Жидебайға дейін 1000 шақырым жолды атпен жүріп өткен салт аттылар туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы