Бізге сырттан келіп ешкім жарқын болашақ жасап бермейді – Президент

15 Наурыз 2024, 17:15
369
Бөлісу:
Бізге сырттан келіп ешкім жарқын болашақ жасап бермейді – Президент
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болатынын айтты.

Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты. Еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар Әділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз, - деді Президент жиында.

Тоқаев түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара беретінімізді айтты.

Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді, - деп айтты Мемлекет басшысы құрылтайда.

Өзгелердің жаңалығы