Бізге гендерлік білім жетіспейді

16 Маусым 2020, 11:58
4330
Бөлісу:
Бізге гендерлік білім жетіспейді
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Отбасы құндылығы мен гендерлік білім беру, дәстүр мен қазіргі гендерлік саясатты сабақтастыру мәселелері төңірегінде "Expo&Women" халықаралық ұйымының атқарушы директоры Ләззат Асқаровамен әңгіме өрбіттік.

Гендерлік білім

Ресми түрде бізде нормативтік-құқықтық база бар. Көптеген шара жүзеге асырылып жатыр. Алайда гендерлік теңсіздіктің барлық көрсеткіштері сақталмай отыр. Басым бөлігі зорлық-зомбылықпен күреске қатысты. Бізге гендерлік білім жетіспейді. Қазір бұл жағдай ушығып кетті. Себебі, коронавирус пандемиясы жағдайындағы карантинде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді. Зорлықтың балаларға да, әйелдерге қатысты түрі күшейді. Кейде қоғам бұл әрекеттерді дәстүрмен ақтағысы келеді. "Күйеуің ұрса, жақсы көреді" дегендей. Осы сынды жаттанды, теріс түсініктерден арылу қажет. Бұл жерде БАҚ-тың атқаратын рөлі ерекше екенін айта кеткен жөн. Менің тәжірибемде бір оқиға болды. Павлодар облысында облыстық мәслихаттың 20 пайызын әйелдер құраған кезде, бір журналист "Юбкадағы билік" деген тақырып қойды. Мұның өзі – теңсіздік, кемсітушілік. Мысалы, еркектерге "бұл еркектікке жата ма? Юбка киіп ал" деп айтылатын кей сөздер де алалау, әйелді төмендету. Патриархалдық қоғамда "әйелдердің өздері" кінәлі деген де жиі кездеседі. Гендерлік білім беру тек қана әйелдер мен еркектерге ғана қатысты емес.

Гендерлік бюджеттеу

Қазір гендерлік бюджеттеу де жиі айтылады. Бұл - әйелдер бөлек, еркектер бөлек қаржыландырылуы керек деген сөз емес. Мысалы, жол салған кезде арбадағы адамдарға арналған жолақтың салынуы, арнайы бейімделген аялдамалардың ашылуы – гендерлік сезімталдылықты көрсетеді. Бюджетті бөлу кезінде әлеуметтік факторлар ескерілуі керек. Көп адам гендерлік бюджеттеу дегенді еркек пен әйелдің бөлек қаржыландырылуы деп түсінеді.

"Маған көмектесші" дегенді сөздік қордан алып тастау керек"

Гендерлік ағарту ісіне қазіргі заманға сай отбасы ұғымын енгізу керек. Еркек өз үйінің шаруасын істегенді ар санамауы қажет. Мен әркез қыздарға айтып жүремін, сөздік қордан "маған көмектесші" деген сөзді алып тастау керек. Еркек немесе ұл бала әйелге көмектеспеуі керек, олар тек міндеттерді бөліп алулары керек. Оған ыдыс жуу, баланы шомылдыру деген шаруа қалыпты жағдай болуы тиіс. Осы сынды мәселелер - гендерлік. Қазір қоғамда пікірталас болып жатыр. Адамдар ежелгі дәстүрге оралуын немесе жаңа заманға сай отбасы құндылықтарын қалыптастыру жайлы ойланады. Мен гендер саласын 10 жылдан бері зерттеп жүрмін. "Дәстүрлі отбасылық құндылықтар" атты шеберлік сабақ әзірлегенмін. Мен осы екі ұстанымды сабақтастыру керек деп ойлаймын. Себебі, қазақ қоғамы гендерлік сезімтал болған. Бұл біздің "сіңлім", "қарындасым" деген сөздер арқылы білінетін. Бұл отбасындағы қарым-қатынастың, рөлдік модельдің болғанын көрсетеді. Әйел ешқашан бетін бүркеген емес, ол еркектермен тең дәрежеде болды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған. Бұл – гендерлік сезімталдылық.

Ұмыт қалған құндылық

Ең басты құндылықтарды ұмытып, "ұят болады", "алып қашу" сынды ең төмен деңгейдегі құндылықты сыртқа шығардық. Бұл - дәстүр емес, керсінше, оны бұрмалау. Сондықтан, дұрыс жеткізу үшін қазіргі заманғы гендерлік саясат бұрынғы дәстүрді толықтыруы керек. Өзара бітімгерлік керек, дау тудырудың қажеті жоқ. Кеңес кезеңінде бізде болған барлық асыл қасиет пен құндылықты жою көзделді. Ол кезеңде қалың малды шығынға айналдырды. Шынтуайында, қалың мал – тепе-теңдік. Қыздың жасауы қалың малдан асып түсетін. Бұл үйлесімді ұстап, тепе-теңдікті сақтау үшін керек болды.

"Біз отбасы құндылықтарын жоғалттық"

Мен диссертациялық жұмыс жазғанда зерттеулерді ақтардым. Сол кезде "кеңестік жүйе біздің отбасы институтын күйретті" дегенді оқыдым. Ол балаларды анасы мен әкесінен айырды. Балабақшаларды, бөбекжайларды құрды. 2 айлығынан бастап сәбилерді мемлекеттің тәрбиесіне беруге болатын. Ал мемлекет ата-анасын жұмысқа жіберіп, баласынан коммунист етіп тәрбиелеп шығарды. Зейнетақылар. Мен зейнетақыға ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, оның негізінде "әке-шешеге алаңдамауға болады, мемлекет зейнетақымен қамтамасыз етеді" түсінігі жатты. Жалғызбасты аналар институты да сол кезде пайда болды. Жалғызбасты аналар батырға айналды. Дәстүрлі құндылықтардың "түрі" мен түсінігі бұрмалана бастады. Сол жылдар туралы көп оқыса, түсіне бастайсың, осы кезеңде барлық құндылықтар құлдырап, барынша бұрмаланды.

Құқық пен жауапкершілік

Қазір әйелдер өз құқығын қорғауға ұмтылып жүр. Бірақ, алдымен құқығыңды қорғай білу үшін - оны білу керек. Міндетіңді ұмытпау керек. Өйткені қазір бұл да проблемаға айналды. Әйелдер мен жастар құқықтарын біледі, бірақ жауапкершіліктен қашады. Мәселен, әйел көшбасшы болуды таңдаса, оған талап еркекке қарағанда үш есе көп қойылады. Себебі табиғи тұрғыдан алғанда әйел бәсекелестікке жақын.

"Менен несі артық?"

Олар "оның менен несі артық" деп ойлайды. Бұл тақырыпты біраз зерттедім. 2000 жылдардың басында Ресейде әйелдер партиясы құрылды. Олар әйелдердің мемлекеттік думаға өтуі үшін барлық нәрсені жасады. Саяси технология бойынша барлығын қамтамасыз етті. Бірақ, әйелдер думаға өтпеді. Кейін олардың арасында анонимдік сауалнама жүргізілді. Сол кезде "Әйел неге депутат бола алмайды?" деген сауал қойылды.

Жауаптары:

1)   Әйел ерден төмен;

2)   Бұл әйелдің қолынан келмейді;

3)   Менің қай жерім кем?

Осы сауалнамаға қатысқандардың 60 пайыздан жоғарысы 3-ші нұсқаны таңдаған екен. Бұл - бейсаналы түрде жасалған таңдау. Бұл - дұрыс саясаттың немесе әйелдердің өздерінің дайын болмауы. Қазір көрініс өзгерді. Әйелдер көшбасшы болуға дайын. Қазіргі гендерлік саясат дұрыс жолға қойылды. Бұл – ізгілікті, әлеуметтік саясат. Егер біз осындай ұстанымды алға тартып, жетекші әйелдерді қолдасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Алайда әйел басқарушылыққа толық пісіп, "толып" келуі керек. Себебі ол бірқатар сүзгіден өтеді. Әйелдерге қойылатын шешім қабылдау индикаторы өте жоғары. Еркектерге кешірілетін көп дүние әйелдерге кешірілмейді. Бұл орайда кәсіби және көшбасшылыққа әйелдерді дайындау керек. Өз тәжірибеммен бөліссем, Павлодар облысында әйелдерге арналған саяси көшбасшылық мектебін аштық. Оған қажеттілік пен сұраныс бар екенін көрсетті. Бұл өте маңызды мәселе. Әйелдерді оқыту керек, үйрету керек.

Бизнес ашу үшін...

Бизнес ашу үшін алдымен білімді болу қажет. Заңдарды жетік біліп, қаржылық тұрғыда сауатты, тәуелсіз болу керек. Қол қойылатын келісімдердің не жайында екенін бүге-шүгесіне дейін хабардар болуың міндет. Осы кезде қорғана аласың. Барлық талаптарды ұстанып, жұмысшыларға уақытылы еңбекақысын төлеп тұрсаң, жолың болады. Ал тек қана табыс табу мақсатында құрылған бизнестің берекесі болмайды. Сағатына ешқандай келісімсіз ақы алу дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл сенімсіздіке әкеледі. Әйелдерге бизнесте болу өте күрделі, себебі бәсеке көп. Көп жағдайда олар қызмет көрсету, сән салондары, білім беру сынды салаларды таңдайды. Алайда әйелдер де еркектер сынды дәстүрлі бизнесте басшылық ете алады.

Әйелдің қамқорлығы

Бизнесті әйел мен еркектікі деп бөлу гендерлік тұрғыдан дұрыс емес. Бізде білім беру гендерлік теңсіздікте болған соң, гендерлік тәрбие алмау мәселесі туындап отыр. Мәселен, анасынан кейін балабақшаға барған ұлды әйел тәрбиелейді, мектептегі мұғалім де әйел, университетте де әйелдер қоршайды. Егер ол әскерде ешқашан болмаса, ол өзіне жарды анасының образына ұқсатып іздейді. Қазір жас жігіттер өздерінен үлкен әйелдерге үйленіп жатады. Бұл оны қорғайтын, қамқорлық көрсететін "өз анасының" образын тауып алуы. Мен, осылайша, оның "қарамағында" боламын деп ойлайды. Сондықтан да, гендерлік саясатты барынша дамытып, адамдардың гендерлік сауатын ашу өте маңызды әрі өзекті. Сол кезде ғана құқықтары қорғалған ізгі қоғам құра аламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!



Өзгелердің жаңалығы