Бізге дербес жер агенттігі керек – Мұхтар Тайжан

23 Наурыз 2021, 16:24
2944
Бөлісу:
Бізге дербес жер агенттігі керек – Мұхтар Тайжан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның тізімінде жері бар ұйым өкілдері көп. Ал жері жоқ, жерге шынымен мұқтаж жандар аз. Бұл туралы қоғам қайраткері, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжан тілдесу кезінде айтты.

Айта кетсек, бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Жер кодексі жобасының нормаларын талқыланып, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша комиссия бекітіліп, оған енген азаматтардың аты-жөндері жарияланды.

Мұхтар Тайжан жаңадан құрылған бұл комиссия жер Қазақстан азаматтарына жекеменшікке берілу керек пе, жоқ па деген мәселені талқылайтынын айтады.

Бұл комиссияда жерді жекеменшікке бергісі келетіндердің лоббистері бар екен. Оған қоса ертең мен ашық кадастрды талап етемін. Өйткені жер мемлекеттің меншігі, сондықтан бұл жерде жеке мәліметке қайшы келетін заң жоқ. Сондықтан мемлекеттің жекеменшігін жалдап отырғандардың есімін халық білу керек, ашықтық болу қажет, - дейді ол. 

Қоғам қайраткері жер тек Қазақстан азаматтарына жалға берілу керек деп санайды.

Жер тек жалға берілу керек және тек Қазақстан азаматына ғана. Бұрын 49 жылға беріліп келсе, солай қалу керек. Одан көп уақытқа беруге болмайды. 20-30 жыл дегеніміздің өзі бизнес жобаға сәйкес келеді, - дейді Тайжан. 

Сонымен қатар ол жалға алынған жерді бақылайтын космомониторинг тетігі қатаң жұмыс істеу керектігін айтты.

Оған қоса бізге дербес жер агенттігі керек. Өйткені жер - мемлекеттің негізі. Қазіргі жер комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында. Сондықтан бұл ұйымда ешқандай билік жоқ. Сол үшін бізге бөлек, тәуелсіз, қуатты тек Президентке ғана тікелей бағынатын жер агенттігі керек. Сонда ғана саяси тәуелсіздік болады және қазіргі жер инспекторлары сол агенттікке қарауы керек. Қазір бұл тексеруші орган әкімдікке қарайды. Әкімдік жер беріп отырады, ал тексеруші орган оның қоластында. Бұл дұрыс емес, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы