Біздің шет аймақтарға қарап, жұмыс жүргізілмеді деп айтуға болады – Сұлтанов

30 Сәуір 2019, 19:09
2241
Бөлісу:
Біздің шет аймақтарға қарап, жұмыс жүргізілмеді деп айтуға болады – Сұлтанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен қалалық әкімдіктің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Отырыс басында қала әкімі Бақыт Сұлтанов Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры лауазымына тағайындалған Бауыржан Мырзакеровты, Полиция департаментінің бастығы қызметіне тағайындалған полиция полковнигі Ержан Саденовты және инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының қызметіне жаңадан тағайындалған Ерлан Бекмырзаевты таныстырды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қазіргі ахуалы: экологиялық сенбілік, жылыту маусымын аяқтау бойынша қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қаланың барлық тіршілігін қамтамасыз ету мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеуде. Елеулі төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.

«Қалада екі ай бойы санитариялық тазалау жұмыстары жүргізілді. Көп жұмыс атқарылды. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатуға болмайды. Бұл шараларды жалғастырып қана қоймай, оларға коммуналдық қызметтерді, ПИК-ді ғана емес барлық қала тұрғындарын тарту керек», - деді Бақыт Сұлтанов.

Қала әкімі, 2010 жылы «Астана қаласының шет аймақтарының 2020 жылға дейін орта мерзімді перспективада дамыту тұжырымдамасы» бекітілгенін еске салды.

«Бүгінгі таңда біздің шет аймақтарға қарап, жұмыс жүргізілмеді деп айтуға болады. Жолдардан бастап, қарапайым көшені жарықтандыруға дейін», - деп атап өтті қала әкімі.

Осы орайда ол аудан әкімдеріне 27 мамырға дейін «Астана қаласының шет аймақтарын 2020 жылға қарай орта мерзімді перспективада дамыту тұжырымдамасы» аясында атқарылған жұмыстар туралы есепті ұсынуды; орта мерзімді перспективаға арналған «Астана қаласының шет аймақтарын дамыту тұжырымдамасына» ұқсас қалалық құжаттарды аудан бөлігінде дайындауды; тиісінше, қала маңындағы елді мекендерді дамыту үшін жеке жауапкершілік қабылдауды тапсырды.

Сұлтановтың айтуынша, күн сайын астанаға Ақмола облысының жақын орналасқан елді мекендерінен 60 мыңға жуық азамат келеді. Онда тұратын халықтың көпшілігі қаладағы қызметтерді пайдаланады, елордада жұмыс істейді, білім алады.

«Қала маңындағы елді мекендерде жұмыс орындарын құру, орта білім алу үшін ғана емес, сонымен қатар орта арнайы білім алу, бос уақытты өткізуге арналған орындарды және т.б. қолға алу керек. Бұл ауылдардың барлығы астананың мәртебесіне сай болуы керек, өйткені ол астананың дәл іргесіндегі аумақ», - деді әкім.

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдеріне 1 маусымға дейін Ақмола облысы әкімдіктерімен және аудандармен азаматтар үшін өмір сүру деңгейін көтеру бойынша жұмысты үйлестіруді, Ақмола және Қарағанды облыстарының қатысуымен бірлескен жұмыс топтарын құрып, Жол картасын әзірлеуді, елді мекендерді бірлесе дамытуды тапсырды.

Тағы бір қаралған мәселе аула алаңдарының қауіпсіздігіне қатысты болды.

«Бүгінгі таңда ауланы қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін нақты оператор жоқ. Аудан әкімдіктері қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына сілтейді. Олар пәтер иелерінің кооперативтеріне сілтейді. Полиция департаменті әкімдікке сілтейді. Жауапты адам жоқ!», - деді Сұлтанов.  

Қала әкімі аудан әкімдеріне, қалалық орта сапасы және бақылау, инвестициялық және кәсіпкерлікті дамыту басқармаларының басшылығына полиция департаменті және Пәтер иелерінің кооперативтерімен бірлесіп, 27 мамырға дейін «Қауіпсіз аула» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин Бірыңғай ұлттық тестілеуге (ҰБТ) дайындық барысы туралы баяндады. Оның деректері бойынша биыл елордалық мектептерді 6747 түлек тәмамдайды. Алдын ала деректер бойынша оның 5 856-сы ҰБТ тапсырады. 

«Алтын белгіге» үміткерлердің саны 304 құраса, ал үздік аттестаттан 250-ге жуық оқушы үмітті», - деді Жанғозин.

Республикада ҰБТ-ны өткізу мерзімі 20 маусым мен 5 шілде аралығына белгіленген. Ал Нұр-Сұлтанда ҰБТ қай уақытта өтетіні маусым айының басында белгілі болады.

Өзгелердің жаңалығы