Бізді ұлт ретінде әлемнің тануы қазір аса маңызды – Азамат Кеңесұлы

30 Маусым 2023, 10:40
1364
Бөлісу:
Бізді ұлт ретінде әлемнің тануы қазір аса маңызды – Азамат Кеңесұлы
Фото: Азамат Кеңесұлының жеке архивінен

Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Ақыл - ойдың айнасы» деген ұранмен «Abai TV» арнасы ашылып, көрерменге жол тартты. Бүгінде арнаның құрылғанына 3 жыл толып отыр. Мәдени-танымдық қызметті мақсат еткен телеарнаның директоры Азамат Кеңесұлы аз уақыт ішінде атқарылған жұмыстары жайлы редакциямызға берген сұқбатта айтып берді.

- Азамат Кеңесұлы, алдымен Abai TV-дің тарихына тоқталып өтсеңіз...

- Abai TV телеарнасы 2020 жылы 30 маусымда ресми таныстырылымы өтті. Сол күннен бастап мәдени-танымдық телеарнаның тарих парақтары жазыла бастады. Бұл біз үшін жай дата болған жоқ. Мәңгілік есте қалатын сәт еді. Себебі осы жылы әлемге COVID-19 пандемиясы тарап тұрған кез болатын. Телеарна ашпақ түгілі адамдардың қауіпсіздігі қыл үстінде тұрды. Індеттен көз жұмып жатқан жандар көп болды. Сол сәтте қаншама арыстарымыздан айырылып қалдық. Бірақ телеарнаны ашу, оны жүргізу міндеті тұрды. Себебі Abai TV арнасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылған болатын.

Телеарнаның ашылуы тек символикалық маңызы бар оқиға ғана емес, ұлт үшін маңызды жоба болды. Олай дейтінім, халық ойлы дүниеге, рухани азыққа зәру. Әлеуметтік желі, жеңіл контенттің жетегінде кеткен жұртқа жөн сілтейтін ақпарат қажет болды. Оны қалың бұқара өзі сезініп отырды. Сондықтан мүмкіндікті барынша пайдалану керек болды. Сөйтіп, аз адамнан жасақталған ұжым бар жауапкершілікті түсініп, күніне 17 сағат эфирге шығатын телеарна жұмысына кірісіп кетті. Әйтсе де әлемді жайлаған эпидемиялық ахуал көп кедергі келтірді. Бірақ өз мамандығын шын сүйетін әріптестер бар қатер-қауіпке қарсы тұрып, арна жұмысын аз уақытта реттеп алды.

- Арнаның құрылғандағы басты мақсаты неде?

- Арнамыздың басты мақсаты - мәдени-танымдық қызмет, Абай мұрасын, отандық және әлемдік мәдениеттің озық үлгілерін насихаттау арқылы көрерменнің көкжиегін кеңейту. Этникалық келісім мен халық бірлігін нығайтуға ат салысу.

- Ашылғанына 3 жыл ғана болса да, өзіңіз жетекшілік етіп отырған арнаның ауыз толтырып айтатындай жетістіктері бар деп ойлаймын...

- Түрлі обьективті себептерге байланысты электронды ақпарат құралдарында мәдениет пен әдебиеттің, өнер мен руханияттың насихаты кеміп қалды. Осы салада жүрген қайраткерлер, тұлғаларды танудан қалдық. Телеарна осы олқылықтың орнын толтырды.

Түсірілім топтары алғашқы күннен бастап тек ірі қалаларды ғана емес ауыл-аймақтардағы өнер ордаларын аралады. Тыныс-тіршілігін, жетістіктерін насихаттады. Телеарна эфирінде қамтылмаған өнер түрі қалмады. Оның ішінде көне және жаңа заман тарихы бар. Мәдениет пен өнер адамдары насихатының кеміп қалғаны соншалық кей өнер ұжымдары біздің түсірілім топтары барғанда «шынымен бізді түсіруге келдіңіздер ме?» деп, таңырқағаны бар. Мынау жалт-жұлт еткен өмірдің арасында өнердің орны айрықша екенін көрсетуге тырысып бақтық. Әрине, телеарнаны жұрт бірден біле қоймайды. Бірақ қазір Құдайға шүкір ел бетін руханиятқа бұрды. Телеарна көрермені артып келеді. Оған әлеужеліде, редакцияға жазылып жатқан хаттар куә. Үш жылда 4 212 эпизодтан тұратын 165 жоба эфирге шыкты. Сонымен бірге 86 концерт, 41 спектакль, опера және балет түсірілді. Корпорациядағы кино, дубляж өндірісіндегі әріптестердің арқасында эфирге сапалы деректі және көркем фильмдер шығады. Бұл жай статистика емес. Мұның артында әріптестердің қыруар еңбегі жатыр және өнердің үлкен насихаты тұр. Әлбетте бұл да ауыз толтырып айтар көрсеткіш емес. Алар асу әлі алда.

-Abai TV-де қанша маман жұмыс істейді?

- Журналистиканың қазіргі үлкен проблемаларының бірі – салаға мамандану. Осы үш жыл ішінде тұрақты істеп келе жатқан 20-ға жуық адам телеарна насихаттап отырған саланы әбден зерттеп алды. Қазір олар мәдениет пен өнердің кез келген саласы бойынша мамандармен пікір алмасып, ой таластыра алады. Ол - өте маңызды фактор. Нақты сала бойынша жинақталған білім мен дағды телеарнада сапалы өнім шығаруға өз септігін тигізеді.

Бүгінде біздің режиссерлер спектакль, опера, балет, концертті түсірудің кәсіби биігіне көтеріліп келеді. Себебі олар түсіріліп жатқан контенттің мазмұнын біледі. Партитура оқиды, пьессаны зерттейді. Мәдени бағдарламалар телевизиядағы стандартты тәсілдермен түсіруге келмейді. Бағдарлама мазмұнын анық жеткізу үшін оркестрде қай кезде қандай аспап ойналатынын немесе спектакль кезінде актердің қандай эмоциямен шығатынын біліп отыру керек. Сол кезде ғана біз экранның арғы жағында отырған көрерменге әсер ете аламыз, өнерді сол күйінде жеткізе аламыз.

- Қазір қолға алған жобаларыңыз бар ма?

- Телеарнада әр маусым сайын жаңа жобалар жүзеге асып жатады. Мәселен, көктемде эфирге белгілі этнограф-ғалым Зира Наурызбай жүргізетін «Ұмай» тележобасы эфирге шықты. Бұл - қазақтың салт-санасы, дәстүрінің тереңдігін, күллі филососфиясын терең талдап беретін авторлық жоба. Одан бөлек, танымал ақын Толқын Қабылша дайындаған «Тағдырлы туынды» хабары көрсетіле бастады. Бұл хабарда жазылуының өзінде үлкен тарих жатқан, жазылуы түрлі адамдардың тағдырына әсер еткен шығармалардың жолымен жүріп өтеді. Шығармада суреттелетін жерлер, оқиға болған орындар көрсетіледі. Жоба аясында автор көршілес елдерге, қазақтың қасиетті жерлеріне және қалаларына барады. Мақсат – шығарманың мәнін ашу, беймәлім тұстарын көрсету.

Белгілі тележүргізуші Қымбат Досжанның «Сырлы әуен» хабары эфирге шықты. Мұнда әлемге танымал музыкалық шығармалардың қыр-сырына қанық боласыз. Жоғарыда атап өткенімдей, мәдениет пен өнердің барлық саласын қамтитын 40-тың үстінде тележоба бар. Әр хабардың өз көрермені қалыптасқан.

Тағы бір айта кететіні, телеарна тәжірибесінде сарапшыларды кеңінен тарту қолға алынды. Яғни ауқымды жобаларды дайындау кезінде міндетті түрде сарапшы тақырыпты жан-жақты зерттейді, өзектісін сұрақ етіп ортаға алып шығады. Сондай ірі жоба – «Сана» хабары. Осы арқылы біздің талай білімді жастарымыз көпшілікке танылды. Санаға шыққан спикерлер бұқараға танылып, медиа тұлғаларға айналып үлгергендері бар.

«Музыка великой степи» хабары - қазақтың музыкалық мұрасын орыстілді ортаға таныстырып жатқан ірі жобаның бірегейі. Осы хабарды жүргізу арқылы танымал тележүргізуші Светлана Коковинец Юрий Аравин сынды музыкатанушылардың лайықты ізбасарына айналып келеді. Өнер ортасында Флюра Мусинаны білмейтіні кемде-кем. Оның жүргізетін «Премьеры» хабары еліміздегі сахналардың барлық үлкен премьераларын көрерменге жеткізіп отырады.

Одан бөлек, «Сарасөз» хабары циклінде Елена Әбдіхалықова, Нәзира Бердалы, Мейрамбек Төлепберген, Қаракөз Сүлейменова сынды танымал әдебиет пен өнер қайраткерлері жүргізушілік міндетін атқарып жүр. Бұл жобалар да көрерменнің күнделікті рухани сұранысын өтеп отыр. Телеарнаның бас продюсері Жаңылхан Асылбекова жүргізетін «Ұмытпаймыз» хабары да көрерменнің ыстық ықыласына ие. Себебі, өмірден өткен өнер қайраткерлеріне тағзым ету – әр адамның міндеті. Оларды еске алып отыру – ұлттың тарихына көрсетілген құрмет.

Телеарна «Қазақстан» РТРК құрамына кіреді. Телеарнаның нығайып, өсіп-өркендеуіндегі басқарма төрайымы Ләззат Мұратқызы Танысбайдың ролін айрықша атап өткім келеді. Мықты медиаменеджер ретінде Ләззат Мұратқызы үнемі арна тынысын бағыттап, бағамдап отырады.

Күзгі маусымға да құр қол келмейміз. Оны телеарнаның сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап отырсаңыздар көріп, білесіздер.

- Телеарна Абайды көрермен арасында насихаттауға қаншалықты үлес қосып келеді?

- Телеарна Хәкім Абай атымен аталған соң, оның мұрасын насихаттау - басты мұратымыз. Абай шығармашылығы біздің барлық хабарымызда тұрақты насихатталады. Абайға қатысты ел сахналарында болып жатқан оқиғалардың бірінен қалыс қалмаймыз. Одан бөлек, телеарнада «Абайдың жолы» атты тұрақты жоба бар. Апта сайын эфирге шығатын хабарда елімізге танымал абайтанушылар өз ғылыми жаңалықтарын, тұжырымдарын ортаға салады. Абай түпсіз терең тұңғиық оны қанша зерттеп, жырласақ та сарқылмайды. Сол себепті бұл жоба тұрақты эфирімізде.

- Осынау уақыт ішінде телеарна қанша көрерменді тарта алды? Олар көбіне қандай бағдарламаларды жиі қарайды?

- Әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг нәтижесі телеарнаның барлық хабары көрермен көңілінен шығатынын көрсетіп отыр. Кейде таза кәсіби тақырыптар көпшілікке ұсынылып жатады. Оның өзін мамандар талқыға салып, өз бағаларын береді. Әлбетте, әлемдік сипатқа ие өнер түрлерін қабылдауға қатысты біздің көрерменде субмәдениет қалыптасты деп айту ерте. Опера, балет, драма театрдың қазақ қоғамына енгеніне бір ғасырға жуықтап қалса да, насихаттау жолында әлі атқарар шаруа көп. Ол бағыт бойынша да жұмысымыз өзекті. Мәселен, концерт, спектакль, операнының толық нұсқасын эфирге бермес бұрын біз міндетті түрде көрерменге ол туралы 5-10 минуттық ақпарат береміз. Онда қойылым мақсаты, режиссер шешімі, мазмұны туралы айтылады.

- Алдағы жоспарларыңыз туралы да айта кетсеңіз....

- Алдағы жоспар - телеарна контентін барынша кеңейту, қазаққа әлемді, әлемге қазақты танытатын жобалар санын, сапасын арттыру. Ол біз үшін маңызды. Себебі қазақ халқы түрлі тарихи себептерге байланысты оқшауланып қалды. Бізді ұлт ретінде әлемнің тануы қазір аса маңызды. Қазақтың мәдени-рухани құндылығы әлемге танылуға лайықты. Өйткені, ол - үлкен өркениет, бай мұраның мұрагері. Ол да оңай шаруа емес. Ғылыми зерттеулерді телевизиялық тәсілдермен әдемі ұштастыра білуіміз қажет.

- Азамат Кеңесұлы, уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат еткен телеарна ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

Өзгелердің жаңалығы