#Bizbirgemiz. Полицейлер қолдау көрсетті

25 Сәуір 2020, 11:51
1678
Бөлісу:
#Bizbirgemiz. Полицейлер қолдау көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай кезінде полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Короновирус індетіне қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүріп, полицейлер күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Осы қиын кезеңде тәртіп сақшылары балалар мекемелеріне, қарттар үйлеріне және халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарындағы отбасыларына қолдау көрсетуде.

Ішкі істер министрлігі "Біз біргеміз!" республикалық акциясына қатысуда. ІІМ орталық аппаратының жетекші қызметтері мен бөліністері азық-түліктер мен бірінші кезекте қажетті тауарларды жеткізді.

Алдын алу шараларын сақтай отырып, ІІМ қызметкерлері қарт адамдар, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жетім балалар орналасқан бірқатар елордалық мекемелерге барды. Көп балалы отбасылар мен ерекше балалары бар отбасыларды да қолдап, қамқорлық көрсетті.

Министрліктің Тергеу департаментінің делегациясы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған сегіз отбасына барды.

ІІМ орталық аппаратының тергеушілері азаматтық ұстанымдарын білдіре отырып, әсіресе, азық-түлік тұрғысынан көмекті қажет ететін астаналық отбасыларды қолдауға бел буды және оларға карантинді қатаң сақтағаны үшін алғыс білдірді, - деді Департамент бастығы Санжар Әділов.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің және көші-қон қызметі комитетінің басшылары өмірдің қиын жағдайында жүрген балаларды қолдау орталығына азық-түлік себеттерін, сондай-ақ жеміс-жидектер мен тәттілерді әкелді.

Бүгін біз ең қорғалмаған – қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне көмек көрсетуден тыс қала алмаймыз. Қазір олар барлық уақытта карантин шарттарын сақтап, үй-жайдан шықпай отыр. Сондықтан Ішкі істер министрлігі оларға көңіл-күй сыйлап, олардың иммунитеттерін көтеретін сыйлықтар дайындады. Біздің шағын көмегіміз орталық тәрбиеленушілерін қуантады және қолдайды деп үміттенемін, - деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Тілеген Мәткенов.

ІІМ-нің кадр саясаты, өзіндік қауіпсіздік және ақпараттандыру және байланыс саласының қызметкерлері мүгедек балаларға арналған арнайы интернатқа барды. Олар балаларға азық-түлік апарды. Мекеме басшылығы полицейлерге көңіл бөлгені үшін алғыс айтып, бұл көмектің қажеттілігін атап өтті.

Қарт адамдар да назардан тыс қалған жоқ. Әкімшілік полиция және төтенше жағдайлар комитеттерінің, сондай-ақ криминалдық полиция департаментінің басшылары астаналық қарттар үйіне азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті тауарларды әкелді. Сондай-ақ, қайырымдылық көмек қала әкімдігінің "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жеткізілді.

Бүгінгі таңда короновирустық инфекция 60 жастан асқан қарт адамдарға аса қауіпті. Біз адамның жасы келген сайын иммунитеті әлсірейтінін, ал созылмалы аурулардың болуы ауыру кезінде жағдайды ушықтыратынын түсінеміз. Сондықтан қарттар үйлеріне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Иммунитетті нығайту үшін біз әр түрлі дәруменді тағамдармен, пайдалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді шештік, - деді ТЖК төрағасы В. Беккер.

Өз кезегінде мекеме өкілдері көрсетілген көмек үшін алғыстарын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы