Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook желісінде онлайн ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізіп жатыр.
Zoom арқылы атқарып жатқан жұмыстарын баяндап жатқан әр түрлі министрлік өкілдерінің барлығы дерлік орыс тілінде дайындалған. Слайдтары да орыс тілінде. Бұл мәселеге министр де тоқталып өтті. Оның үстінде Facebook қолданушылары да тікелей эфир кезінде ескертіп жазып жатты.
Слайдтың бәрі орыс тілінде болғаннан кейін ең болмаса баяндаманы қазақшалауға болады ғой. Жиналысымыз Facebook-те өтіп жатқан соң, оның үстіне ақпараттандыру мәселесін қозғап отырғаннан кейін мемлекеттік тілде ақпарат жеткілікті емес. Орысша сөйлеген соң, халық түсінбей отыр. Слайд орысша, баяндаманы қазақша жасауға немесе керісінше істеуге болады ғой. Комиссия мүшелеріне және баяндама жасаушылар да осы мәселеге мән беруі керек, - деді Аида Балаева.Бірақ министрдің бұл сөзін ескеріп жатқандар да шамалы болды. Әйтпесе, Аида Ғалымқызының осы айтқанынан кейін іле сөз алған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты "Ашық бюджет" порталының өкілі Гүлмира Исабекова "Всем добрый" деп, әңгімесін өзіне үйреншікті тілде жалғап кете ме?..