Біз бірлік пен келісімде ғана іргелі белестерді бағындырамыз – ассамблея өкілі

24 Сәуір 2023, 15:20
1376
Бөлісу:
Біз бірлік пен келісімде ғана іргелі белестерді бағындырамыз – ассамблея өкілі
Фото: Егемен Қазақстан

26-27 сәуір күндері Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық және даму» атты кезекті ХХХІІ сессиясы өтеді. Осы айтулы оқиға қарсаңында BAQ.KZ тілшісі Әділетті Қазақстанды құрудағы ҚХА қызметі мен рөлі туралы поляктардың «Полонеза» Жамбыл облыстық тіл және мәдениет орталығының басшысы Лариса Калковамен сұхбаттасқан еді.

– Лариса Викторовна, ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің қызметі қалай өзгерді? Алдағы уақытта қандай мәселелерге баса назар аударылмақ?

– Еліміздің тәуелсіз дамуының басында, күрделі экономикалық жағдай кезінде халық арасында шиеленіскен, антипатетикалық көңіл-күйдің күшейгенін байқағанбыз. Бәріміз осы ахуалды бастан өткердік. Бұл түрлі этностар өкілдерінің үдере қоныс аударуына себеп болды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде 1995 жылдың 1 наурызында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша тұрақтылық пен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін одан әрі қалыптастырудың негізі қаланды. Сол арқылы, Қазақстан өзінің табысты даму үлгісімен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екенін әлемге көрсетті.

Содан соң, Жаңа Қазақстанға бет алған тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев татулық пен бірліктің шынайы табыс кілті екенін айтқаны есімізден шыға қойған жоқ. 

Біз Әділ Қазақстанды құруға кірістік. Бұл биік мақсат барша қазақстандықтардың белсенді қатысуымен ғана жүзеге асады, өйткені мемлекеттің басты тірегі де, ең үлкен байлығы да – азаматтар!,- деді өз сөзінде ел Президент.

Әрқайсымыз Қазақстанды гүлденген, көркейген мемлекет ретінде көргіміз келетіні – табиғи құбылыс. Десе де біз бұл белесті ұлт бірлігін сақтап, халықтарымыздың достығын қорғай отырып қана бағындырамыз, біз ортақ келісіммен ғана кез келген міндеттерді жүзеге асыра аламыз. Қазақ халқының «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейтіні сондықтан деп ойлаймын.

Ассамблея әлеуметтік желілердегі ақпараттық белсенділікті күшейтуді қоса алғанда, жұмыстың жаңа тиімді әдістерін әзірлеуге кірісіп кеткен. ҚХА жанынан облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі аналар кеңестері жұмыс істейді. Аналар кеңестері жастар тәрбиесі, қайырымдылық және елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша іс-шаралар өткізеді.

Сонымен қатар ҚХА жанынан республикалық медиация кеңесі құрылғаны көпшілігімізге аян. Медиация кеңестері жанжалдарды шешу бағытында әртүрлі салалардағы қызметті жүзеге асырады. Бұл құрылымдардың қызметі басқалармен қатар, жанжалды жағдайларды реттеуге күш салады. Дәл осы бағытта әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік.

Тағы да айта кетерлігі, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ассамблея құрылымдары өкілдерінің беделі мен ықпал ету аясын күшейту бойынша белгілі жұмыстарды жүргізу қажет деп есептеймін.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғам өмірінде қандай орын алады?

– ҚХА ақпараттық жағынан ашық болуға, бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді пікір білдіруге және ашық алаңдарда пікірталас жүргізуге, ҮЕҰ мен басқа да азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынаста болуға ұмтылады. ҚХА-ға ақпараттық шабуылдарға қарсы тұру бойынша ақпараттық жұмысты жандандыру, сондай-ақ этномәдени бірлестіктерді, журналистер мен блогерлерді тарта отырып, этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру міндеті тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстанның бірегей саяси инновациясының жемісі. Бүгінде оның жұмыс тәжірибесі әлемнің көптеген елдері үшін тартымды және пайдалы болып келеді. Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жай ғана құрдас емес. Бұл – тұрақтылықтың, жаңғырудың және өркендеудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық.

Сенім, дәстүр, ашықтық, толеранттылық – көпұлтты гүлденген мемлекетіміздің негізін құраған қағидаттар. Бүгінде Ассамблея ұлтаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылық пен халық бірлігін одан әрі нығайтуға қолайлы жағдай жасауға өз үлесін қосуда.

– Лариса Викторовна, Жаңа Қазақстандағы ассамблеяның рөлін қалай елестетесіз?

Шынтуайтында, ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз етеді, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттерін, тілдері мен дәстүрлерін жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға көмектеседі. Бұл басымдықтар әрқашан маңызды болып қала береді, бірақ бәрі өзгереді және біз қозғалыста болуымыз керек, жаңа сын-қатерлерге, шындыққа, қауіп төндіретін оқиғаларға, өзгермелі жағдайларға сезімталдықпен жауап беруге тиіспіз. Ұлтаралық келісімді, бейбітшілікті, тұрақтылықты нығайтудың жаңа нысандарын, әдістерін және жолдарын іздеуде барымызды салуымыз қажет.

– Ал ассамблеяның алдағы сессиясынан не күтесіз?

– Әділетті Қазақстандағы ассамблея рөлінің жаңа форматына байланысты өзекті бола бастаған мәселелердің шешімін, ҚХА мүшелерінің мәдени-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған ұсыныстарын күтеміз. Әр аймақ өз жұмысымен, мәселелерімен бөліседі. Талқылап, шешетін нәрсе бар. Дөңгелек үстелде өзекті мәселелерді талқылау әрқашан жаңа және қызықты шешімдер әкеледі деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы