"Біз біргеміз" деп ән шырқаған әнші аға лейтенант атанды

12 Мамыр 2020, 17:50
3037
Бөлісу:
"Біз біргеміз" деп ән шырқаған әнші аға лейтенант атанды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай кезінде елордада әскери міндетті азаматтардың тізімі жасақталып, 100-ден астам қызметкер әскер қатарына шақырылды. Олардың ішінде көпшілікке танымал әнші Ибрагим Ескендір де бар. Жақында  7 мамырдағы Отан қорғаушылар мерекесіне орай ол аға лейтенант атанды.

Бүкіл жер бетінің халқымен бірге еліміздегі індетке байланысты қасіреттің бетін қайтару шаралары мемлекеттік деңгейде жүргізіліп, осыған байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың жарлығына сәйкес сақтық шаралары қолға алынып, елордада әскери міндетті азаматтардың тізімі жасалды. Көп ұзамай әскерге уақытша шақыру жұмыстары басталып, бірінші кезеңде 100-ден артық азаматтар шақырылды. Олардың барлығы әскери қызмет атқаруға жарамды-еріктілерден жасақталса, күн өткен сайын қажеттілікке қарай белсенді азаматтардың саны ұлғая түсті. 

Мемлекет басшысының Жарлығы жарияланған күннен бастап, Нұр-Сұлтандағы әскери комиссиараттарға барған еріктілердің саны аз болмады. Солардың қатарында елімізге "Көк тудың желбірегені" әнімен кеңінен танымал әнші, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті докторантурасының 3-курс студенті Ибрагим Ескіндір де бар еді.

Қазіргі таңда әскери саптан табылған сарбаздар негізінен үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншісі – індетті тоқтату мақсатында жүргізілетін инфекциялық жұмыстар, екіншісі – бақылау-өткізу бекеттеріндегі тексеру жұмыстары, үшіншісі – барлық тірлікті ұйымдастырып отыратын орталық штаб жұмысы. Ибрагим Ескіндір солардың ішінде дезинфекциялық бағыттағы жұмыстарды атқаратын рота командирінің орынбасары қызметінде. Ол бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл және Сарыарқа аудандарындағы карантинге байланысты жүргізіліп жатқан шараларға белсенділікпен атсалысып, мыңдаған өндіріс орындарын, тұрғын үйлердің кіре-берістері мен жертөлелерін, есіктерді т.б нысандарды бекітілген хаттамаға сәйкес дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде.

Докторант 1.jpg

"Атбасына күн туса, ауыздықпен су ішер, Ер басына күн туса, етікпенен су кешер" деп дана халқымыз айтқандай, осындай ел басына күн туған кезде Отан алдында азаматтық борышын абыроймен атқарып, халқына қалтықсыз қызмет етуді мақсат тұтқан жандар аз емес. Олар қазір қатал тәртіпті қажет ететін әскери талаптарды бұлжытпай орындап, бір үйдің баласындай иық тіресіп қызмет атқаруда.

Шынымды айтсам, бұндай дезинфекциялау жұмыстарға бұрын-соңды араласып көрмегенмін, бірақ сын сағатта қазақтың небір намысты ер азаматтарын көріп, қатты риза болдым. Сондықтан күндіз-түні жұмыс істеп жатқан әріптестерімді мақтан тұтамын. Орайы келгенде қала әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдауды да атап өткен ләзім шығар, - дейді Ибрагим Ескендір.

Әскери еріктілер құрамының жігіттері дезинфекциялық жұмыстардан бөлек тарихи таным, сауаттылықты көтеру, дене шынықтыру мен сауықтыру жаттығуларымен де үнемі айналысады екен. Ибрагим Ескіндір 2007 жылы ЕҰУ әскери кафедрасын тәмамдап, запастағы лейтенант шеніне ие болса, 7 мамырдағы Отан қорғаушылар мерекесіне орай ол аға лейтенант атанды.

Айта кетейік, әдемі өнерімен халық жүрегінен орын алған әнші Ибрагим Ескендір елордалық университеттің де абыройын биікке көтеріп, азаматтық борышын, білімі мен тәжірибесін қолданып, қатерлі індетпен күресуде өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде.   

Өзгелердің жаңалығы