Биылғы сайлау науқанының өз ерекшеліктері бар − Аманбай Сейітқасымов

6 Қаңтар 2021, 20:33
2079
Бөлісу:
Биылғы сайлау науқанының өз ерекшеліктері бар − Аманбай Сейітқасымов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі саяси үдерістерінің, саяси мәдениетінің пісіп-жетілуінің, тамаша көрінісі ретінде биылғы сайлау науқанын атауға болады деді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманбай Сейітқасымов.

Биылғы сайлау науқанының өз ерекшеліктері бар. Өткен жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойғасын, қазақстандықтарға үндеу жасаған – онда сайлаудың осылай, жаңаша сипатта өтетінін баяндаған еді. Біріншіден, парламенттік оппозиция институты енгізіледі. Мысалы, Мәжілістегі тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы, екеуінің хатшысы оппозиция депутаты болуы тиіс. Парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кем дегенде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама көтеріп, жоқ дегенде екі үкіметтік сағаттың тақырыбын бекіте алады. Екіншіден, тұңғыш рет әйелдер мен жастарға 30 проценттік квота енгізілді. Мысалы, қазір еліміз бойынша 3 мыңнан астам мәслихат депутатының 60-ы ғана жастар, - деді ол.
Үшіншіден, алдағы сайлауда мәслихаттарға да сайлау өтеді және олар алғаш рет партиялық тізім бойынша жасақталады. 
«Бұл партиялардың өз позицияларын елдің саяси жүйесінде нығайтуға қосымша мүмкіндік береді деді Қ.Тоқаев». Сарапшылардың пікірлерін оқып отырсақ, болашақ депутаттардың орташа жасы айтарлықтай жасарады деп есептейтіндерден бастап, экономикалық дағдарыс пен пандемия кезінде конструктивті жұмыс істейтін Парламент керек, демократия маңызды құрал, алайда елдің тұтастығы одан да құнды, одан да маңызды деген сияқты, екінші жағынан: «интрига – бәсекені білдіреді, ал тіркелген партиялар арасында бәсекенің иісі де сезілмейді» деген пікірлер бар, - деді Аманбай Сейітқасымов .
2021 жылғы сайлау 16 жыл ішінде алғаш рет мерзімінен бұрын емес, Конституциялық мерзімде – қазіргі шақырылым депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын өтеді. Биылғы сайлауға еліміздің бес партиясы түсіп, өз сайлауалды бағдарламаларына үгіт-насихат жұмыстарын сапалы деңгейде жүргізуде. Партиялар бұл сайлауға жақсы дайындықпен келіп отыр, сайдың тасындай іріктелген партия мүшелері қоғамдық белсенділік танытып, саяси үдерістерге көрік беруде. Атап айтсақ, партияның белсенді мүшелері мен көшбасшылары мемлекеттік телеарналар эфирінде теледебатқа түсіп, өз сайлаушылары алдында саяси бағдарламаларын кеңінен таныстыруға мүмкіндік алды. 

Партиялар өңірлерде білікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Мысалға, партияның сайлауалды бағдарламасын жергілікті тұрғындарға жеткізу үшін өңірлердің даму ерекшеліктері мен ерекшеліктерін жақсы білетін, ауылға жететін кандидаттар өңірлерге шығып, халықпен жақын жүздесуде. Сондай-ақ, әр өңірде нақты мәселелерді белсенді талқылайтын пікірталастар өтуде. Бұл пікірталастардың форматы да ерек, бұрыңғы пікірталастардан ерекше. Нақтылап айтсақ, электоралды тақырып әр түрлі ақпараттық алаңдарда (kun.kz, Talap talks және т.б.) кеңінен талқыланады. Жалпы алғанда осы телеарналар мен әлеуметтік желілердегі пікірсайыстар сайлау науқанының басты көрінісі, маңызды, шарықтау шегіне айналды. Барлық саяси партиялардың, әсіресе әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық жұмысы байқалады, - деді ол.
Сондай-ақ ол партиялар үгіт-насихат жұмыстарын тиімді және креативті жүргізеді, әртүрлі сайлау технологиялары қолданылады деді. 
Партиялардың белсенділері, сенімді мүшелері үгіт-насихат жұмыстарының жаңа форматтарын қолданады, сайлаушылармен интерактивті қарым-қатынасқа түсіп, үміткерлер әлеуметтік желіде тікелей эфирлерге шығып, тұрғындардың өткір сұрақтарына тұшымды жауаптар беруде. Міне, сайлауға бірер күндер қалғанда жасалған істерге қорытындылар мен болжамдар жасалуда. 2020 жылдың қорытындысы ретінде мемлекеттің жаһандық індет аясында стресс-тесттен өтуі, қоғамдық-саяси алаңның қайта жүктеліп, жаңаруын атауға болады. Сайлаудың оң нәтижелерінің бірі ретінде саяси алаңда жаңа белсенді азаматтық топтардың пайда болуы, саяси партиялардағы жаңа адамдар және олармен бірге үгіт-насихат жүргізудің жаңа форматтары мен тәсілдерінің келуін атауға болады. Ендеше алдағы сайлауға сәттілік тілеп, азаматтық қоғамымыз берік дамып, Тәуелсіздігіміз баянды болсын дейік! Сайлау жемісті, жеңісті болсын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы