Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 116,8 млрд теңге несиелік қаржы қарастырылған – Омаров

30 Наурыз 2021, 10:10
1663
Бөлісу:
Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 116,8 млрд теңге несиелік қаржы қарастырылған – Омаров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров күн тәртібінде көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы  тақырыбы талқыланған Үкімет отырысында  айтты.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға мемлекет тарапынан 116,8 млрд теңге кредиттік қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау іс-шараларын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді, - деді Омаров. 

Ол атағандай, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 48,6 млрд теңге сомасына 1326 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кредиттер көлемі 6 млн теңгеден аспайтын көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыратынын да атап өту қажет. Бүгінгі таңда 60-тан астам ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 370 млн теңгеден астам қаражат берілді, - деді ол. 

Министр азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыратынын айтты. 

Егер осы мақсатқа былтыр 24,5 млрд тенге бөлінген болса, биыл жоспарланып отырған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды немесе былтырғыға қарағанда шамамен 2 есе көп. Бүгінгі таңда 14,3 млрд теңге сомасына 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды, - деді Сапархан Омаров.

АШМ басшысы форвардтық сатып алу аясында сатып алынатын өнімдер тізбесі ауыл шаруашылығы дақылдары 4-тен 9-ға дейін кеңейтілгенін атап өтті.

Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру және азықтық базаны нығайту үшін бидаймен және арпамен бірге, қарақұмыққа, күнбағысқа және басқа да майлы дақылдарға келісімшарттар жасалатын болады. Көктемгі егін егу жұмыстарын сапалы және уақтылы өткізу мәселесі министрліктің жіті бақылауында болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы