Елімізде үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің корпусы 72%-ға жаңарған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада өткен Еуразиялық интеграция институты "Ашық саясат" сараптамалық клубының "IV Ұлттық құрылтайдың түйінді акценттері тұрғысынан әкімдерді тікелей сайлау институтын дамыту" тақырыбында өткен кезекті отырысында маңызды тақырып қозғалды.
Біз ауыл әкімдерін сайлау арқылы бізге қандай мүмкіндіктер берілгенін түсінуіміз керек. 2021 жылдан бері тікелей сайлау басталғалы бері ел ішіндегі қақтығыстарды азайтуға, одан кейінгі жергілікті ортақ мәселелерге, идеяларға бірігетіндей мүмкіндік жасалды. Бұл бір жағынан саяси теңдікті, мүмкіндікті, ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі ықтимал, - деді Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов.
Айтуынша, мәселенің екінші жағы тағы бар.
Әкімдерді қайта-қайта сайлау – бұл шығын. Екіншіден, әкімдер қайта-қайта сайлауға бара бермейді. 2029 жылға дейін бекітілген "Ұлттық даму" жоспарындағы басымдықтардың бірі ретінде – ауылды дамыту мәселесі көтерілген. Ол – әкімдердің сайлануына тікелей байланысты, - деді саясаттанушы.