Биыл жамбылдық 16 мыңнан астам жеткіншек әлеуметтік топтамамен қамтылады

4 Ақпан 2022, 22:31
1877
Бөлісу:
Биыл жамбылдық 16 мыңнан астам жеткіншек әлеуметтік топтамамен қамтылады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмекпен 61 441 азамат қамтылып, оларға барлығы 3,4 млрд теңге тағайындалды және толықтай төленді.

Бұл туралы аймақтағы әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Жорабек Баубеков айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, өңірде 9 384 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалған. Ол шаңырақтарда 51 545 адам тұрады.

Мұны тарқатып айтатын болсам, жалпы еңбекке қабілетті 16 460 азаматтың 631-і ресми жұмыссыздар қатарына кіреді. Тәуелсіз жұмыскерлердің саны – 1 072 екен. Ал дәл келісімшарт жасалған уақытта жұмысы барлар қатары 11 237-ні құрады. 3 520-сы – балалар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер, қарттардың күтімінде отырғандар да бар, – деді Жорабек Нұрмергенұлы.

Жауапты маман есепті кезеңде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 9647 адам тартылғанын жеткізді. Мұның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 732 азамат жіберілген. Ақылы қоғамдық жұмысқа 471 тұрғын жұмылдырылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 52 адам барыпты. Қайта даярлау курсынан 14 азамат өткен, Жастар тәжірибесіне 7 адам жолданған. Жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 688 отбасы мемлекеттік грант алыпты.

Еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтылғандардың және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлес салмағы 80 %-дан асып отыр. Негізі, жылдық жоспар 76,6 % болуы керек-тін. Демек, біз бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай шаралар қабылдадық деген ойдамын. Осындай шаруаларды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз, – деді Жорбек Баубеков.

Ол кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 16 754 балалар қаңтар-желтоқсан айларымен толық қамтылғанын атап өтті. Бұған 715,5 млн теңге қаржы жұмсалған екен.

Басқарма басшысы отбасындағы әрбір адам басына бөлгендегі орташа табыс кедейліктің шегінен асып кетпейтін азаматтардың атаулы әлеуметтік жәрдем еншілеуге құқы бар екенін тағы еске салды. Елімізде кедейліктің шекті сомасын орталық атқарушы мекеме еліміздің экономикалық мүмкіндігіне қарай пайыздық өлшемде орташа есеппен, тұрғындардың әрқайсысының басына бөлгендегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы бойынша айқындап береді.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тұрғындарының кедейлігі шегін сондағы атқарушы мекемелер әр тоқсан күн сайын есептеп шығарып отырады. Жамбыл өңірінде биылғы бірінші тоқсанға атаулы әлеуметтік жәрдемді бекіту үшін қолданылатын кедейліктің шегі 25 646 теңгені құрады. Биыл атаулы көмекпен 66 987 адамды қамту жоспарланып отыр. Ал бұған барлығы 4,9 млрд теңге қаражат көзделген, – деді Жорабек Нұрмергенұлы.

Биыл да атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 16 347 жеткіншек кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Бұған қазынадан жалпы 1393,2 млн теңге қаржы қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы