Биыл Жамбылдағы білім беру саласына 236 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді – әкімдік

17 Қараша 2022, 09:10
1611
Бөлісу:
Биыл Жамбылдағы білім беру саласына 236 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді – әкімдік

Қазіргі қоғам мен мемлекеттің дамуының басты тетігі – сапалы білімде. Бұл пікірді Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның пайымынша, рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өркендеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. 

Білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан да өңірдегі білім беру саласына бөлінетін қаржы жыл санап артып келеді. Мәселен, биыл Жамбыл облысында білім беру жүйесін қаржыландыруға 236,6 миллиард теңге бөлінді. Білім мен тәрбиенің бастауы балабақшадан екені бесенеден белгілі. Сол себептен, аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдарға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі таңда облыстағы 567 мектепке дейінгі ұйымдарда 59 017 бала тәрбиеленуде, - деді спикер. 

Ол өңірдегі мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 91,7 %-ы құрайтынын атап өтті. Ал 2-6 жас аралығындағылардың – 94,1 %-ы, 3-6 жас аралығындағылар толықтай балабақшаларға барады. 

Жамбыл облысында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар саны өткен жылы 199 болса, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 222-ні құраған. Ал оларда 24 542 бала тәрбиеленіп отыр. Айта кетерлігі, тек биылдың өзінде аймақта 1 600 орындық 12 жекеменшік ұйым ашылған.

Сапалы білім берумен қатар, өз бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырған жеке тұлғаның тәрбиеленуіне жағдай жасайтын орта білім беру ұйымдарының жұмысы да жүйелі жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда өңірдегі 445 күндізгі мектепте 237 632 оқушы білім алуда. Ал, 31 жекеменшік мектепте 8 692 оқушы оқу үстінде, 3 кешкі мектепте 769 оқушы оқиды. Олар Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарында орын тепкен. 132 шағын жинақталған мектепте 11 755 оқушы білім алып жатыр. Сонымен қатар, 5 арнайы мектепте 515 оқушы бар, - деді Айдын Орынбекқызы.

Спикердің мәліметіне қарағанда, жоғарыда аталған 445 мектептің 314-і қазақ тілінде, 4-еуі орыс тілінде, 127-сі қазақ және орыс тілдерінде сабақ береді. Биыл оқушылар оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендерімен толықтай қамтылған. Барлық мектеп 4 мегабит/сек-тен жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылғанЖамбыл облысындағы барлық мектеп «Күнделік» жүйесімен жұмыс істейді.

Басқарма өкілі бүгінде цифрландыру әлемдік ауқымдағы трендке айналғанын атап өтті. Дамыған елдің барлығы цифрлық саясатты қолға алып, даму қарқынын арттыруға күш салып жатыр. Осы орайда, өңірдегі білім ошақтарында 54 IT сыныбы ашылған. Оқушылардың робототехникаға қызығушылығын арттырып, баулу мақсатында 276 мектеп робототехника кабинетімен жабдықталған.

Өңірдегі барлық мектеп ішкі сымсыз Wi-Fi желісімен жарақтандырылған. Жалпы жұмыс қалпындағы компьютерлер саны 49 354-ті құрап отыр. Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Сондықтан, облыстағы 445 мектептің, 567 мектепке дейінгі ұйымның барлығына бейнебақылау камералары орнатылған. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыс істеп жатқан 78 мектептен тыс мекемеде 68 570 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Мектеп оқушыларының 102 мыңы өз қызығушылықтары бойынша түрлі үйірмелерге қатысса, мектептердегі 2 736 спорт үкірмелеріне 75 043 оқушы барады, - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзінше, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету бағытында да біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, осы оқу жылында 7 922 мүмкіндігі шектеулі баланың 6 233-і оқумен және тәрбиемен қамтылған. Тарқатып айтатын болсақ, 86 мектепке дейінгі мекемеде 2 543 бала инклюзивті түрде тәрбиеленуде; 443 орта мектепте 1 133 бала инклюзивті біліммен қамтылған; 4 арнайы түзету мектеп-интернатында 523 бала бар; жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда 294 оқушы оқиды; 1 539 бала үй жағдайында білім алып жатыр; кәсіптік-техникалық колледждерде мүмкіндігі шектеулі 201 бала білім алуда.

Тағы айта кетерлігі, өңірде осы бағытта жұмыс істейтін 29 арнайы мекеме мен кабинет бар. Атап айтқанда, 4 арнайы мектеп-интернат, 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 1 оңалту орталығы, 5 инклюзияны қолдау кабинеті мен ресурстық орталық, 1 «Асыл мирас» аутизм орталығы бар. Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында ерекше білімді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсету, оларды ерте диагностикалау мақсатында құрылған облыстағы психологиялық- медициналық-педагогикалық консультацияларға демеушілердің есебінен қызметтік 5 «Largus» автокөліктерінің кілті табысталды.

Жыл басында Жамбыл облысы бойынша 3 үш ауысымдағы мектеп болған еді. Олар – Жамбыл ауданындағы Айша бибі орта мектебі, Тараз қаласындағы №50 орта мектеп, Қордай ауданындағы №7 орта мектеп. Биылғы 1 қыркүйекте 2 мектеп пайдалануға беріліп, 2 үш ауысымдағы мектеп мәселесі шешімін тапты. Жамбыл ауданының Айша бибі ауылындағы Айша бибі орта мектебі – 300 орындық жаңа мектеп құрылысы есебінен, Тараз қаласындағы №50 орта мектеп Қайнар алқабындағы 600 орындық жаңа мектеп құрылысы есебінен проблемалары шешілді. Жаңа оқу жылында үш ауысымда оқитын 4 мектеп тіркелді. Олар – Қордай ауданының Қарасу ауылындағы №7 А.Пушкин атындағы орта мектебі, Меркі ауданындағы №21, 48, Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейлері, - деді Айдын Досымбекова.

Ол келесі оқу жылында 2 мектептің мәселесі – Меркі ауданындағы №21, 48 мектептері қосымша құрылыс есебінен, 2 мектептің – Қордай ауданындағы №7, Тараз қаласындағы №3 мектептерінің мәселесі  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептер құрылысы есебінен шешілетінін жеткізді. 

Бүгінгі күні облыс бойынша  орын тапшылығы бар 2 мектеп тіркелген. Олар – Тараз қаласындағы  №53, 55 орта мектептер. Осы жылдың соңында Тараз қаласының «Арай» алқабындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушы орын тапшылығы бар 2 мектептің (№53, №55 мектептер) мәселесі шешіледі.

Бүгінгі күні 1 апатты мектеп тіркелген. 2023-2024 жылдары Шу ауданындағы бұл апатты мектептің мәселесі спорт зал, асхана, мәжіліс залдың қосымша құрылысы есебінен шешіледі деп жоспарлануда. Қазіргі кезде жобалық сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамада жатыр, - деп атап өтті спикер.

Өткен жылы Жамбыл облысы оқушыларының жетістіктеріне, жеңістеріне толы жемісті жыл болған. Жаңа оқу жылы басталғалы да оқушылардың жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, Қазақстан білім олимпиадасында жамбылдық жеткіншектер 24 жүлделі орынды – 9-ы бірінші орынды, 6-уы екінші орынды, тағы 9-ы үшінші орынды иеленген. Жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» V республикалық интеллектуалдық конкурсында екі жүлделі орынды, Республикалық "Балалар оқулары" байқауында үш жүлделі орынды, геометриядан IX Халықаралық Иран олимпиадасында бес жүлделі орынды жамбылдық оқушылар жеңіп алған. Сонымен қатар, «Roboland-2022» Халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінде әулиеаталық жеткіншектер төрт жүлделі орынды қанжығалаған.

Жамбыл облысының оқушылары білім сайыстарында өңірдің атағын асқақтатып жатса, мұғалімдері Республикалық мұғалімдер спартакиадасында жүлделі бірінші орынды иеленді. Сапалы білім беру қызметінде мұғалімнің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады. Педагогтардың алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, мұғалімдердің жалақысы жыл сайын көтеріліп жатыр. Қазіргі таңдаөңірдегі 40 мыңнан астам педагогтің еңбекақысының 25 %-ға ұлғаюына республикалық қазынадан 59,6 миллиард теңге қаражат бөлінді, - деді Айдын Орынбекқызы.

Спикер қазіргі кезде аймақтағы мектептерде 26 331 педагог еңбек ететінін мәлімдеді. Оның ішінде 25 072 мұғалімнің жоғары білімі бар. Жыл сайын облыс мектептеріндегі педагог кадрлардың тапшылығына мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады.

Ол педагог мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыру бағытында да көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты. Соның нәтижесінде облыстың білім саласы бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтқанда, биыл академик Асқар Жұмаділдаев атындағы халықаралық олимпиадада, математика, физика және информатика пәндері мұғалімдерінің 8-ші халықаралық шығармашылық байқауында, мұғалімдер мен олимпиадалық резерв жаттықтырушыларының 4-ші халықаралық ашық шығармашылық байқауында және республикалық «Математикалық регата» олимпиадасында жамбылдық педагогтер командалық есепте жүлделі орындарды иеленген.

Ұстаздардың кәсіби құзіреттілігін арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 10 жылда Жамбыл облысының 38 ұстазы «Үздік педагог» атағын еншіледі. Сондай-ақ республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын қашықтық пән олимпиадаларында әулиеаталық мұғалімдер 1-ші орынды иеленіп, көш бастап тұр. Өткен оқу жылының өзінде республикалық, халықаралық байқауларда 4 557 мұғалімнің жеңімпаз боп танылуы облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін. Осыдан бір ай бұрын «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсында 34 миллион теңгенің грантын Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы №9 мектеп-гимназиясы иеленді, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның дерегінше, бұл қаржы осы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін жұмсалған. Аталған білім мекемелерінің жетістікке жетуі де осы ұжымда еңбек етіп жүрген мұғалімдердің еңбегі.

Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір , жаңа көзқарасты, жаңашылықты талап ететін уақыт. Соның ішінде , білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің мәні мен маңызы зор. Себебі, білім мен ғылымның дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі, сапалы білім жарқын болашағымыздың кепілі екендігі айқын, - деді Айдын Орынбекқызы.

Өзгелердің жаңалығы