Биыл Теміртауда 30 ойын және 10 футбол алаңы орнатылады

5 Мамыр 2023, 14:51
932
Бөлісу:
Биыл Теміртауда 30 ойын және 10 футбол алаңы орнатылады
Фото: BAQ.KZ

Теміртауда жол мен аулаларды ретке келтіру жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл мәселелерді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде тұрғындар көтерді. Биыл металлургтер қаласында қосымша 30 ойын алаңы мен 10 футбол алаңы орнатылады.

Қала әкімі Ораз Тәуірбековтың айтуынша, 6, 7 және 8-ші шағын аудандардың, 70-ші орамның, Республика, Бейбітшілік және Металлургтер даңғылдарының, Ш. Уәлиханов, Абай, Байсейітова, Чернышевский, Н.Әбдіров, Теміртау және Қазақстан көшелерінің аулаларында жаңа балалар алаңдары орнатылады. 10 футбол алаңынан басқа, Теміртауда үш жаңа спорт алаңын жабдықтауға уәде берілуде. Сонымен қатар, екі арнайы ит серуендеу алаңы болады.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, Ақтау кентінде бес балалар алаңы орнатылады. Мұнда да көпқабатты үйлердің қасбеттері мен шатырлары жөнделе бастайды. Биыл 14 үй қамтылуы тиіс.

Ақтау тұрғындары орталық қазандық салу қажеттілігі туралы мәселені көптен бері көтеріп келеді. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленді және қазір мемлекеттік сараптамада. Ақтау кентінде үш көшеде – Шығыс, Пошта және Коллективнаяда 6,6 шақырым жолды жөндеу қарастырылған.

Теміртауда биыл 52,5 шақырым автожол жөнделіп, көше жарықтандыру тіректерін қалпына келтіру жалғасады. Сондай-ақ, нөсер кәрізін жөндеуге, қосымша бейнебақылау камераларын орнатуға қаражат бөлінді.

Кездесуде тұрғындар медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі, ТКШ жай-күйі мәселелерін көтеріп, бұқаралық спортпен шұғылдануға көбірек мүмкіндік беруді сұрады. Бірқатар өтініштер бойынша Ермағанбет Бөлекпаев бірден қала басшылығына тапсырма берді.

Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев "Горка Дружбы" шағын ауданындағы № 2 үйдің тұрғындарымен жеке кездесті.

Өзгелердің жаңалығы