Биыл Талдықорғанда кезектегі 2 мыңдай азамат баспанаға ие болады

30 Сәуір 2023, 15:10
722
Бөлісу:
Биыл Талдықорғанда кезектегі 2 мыңдай азамат баспанаға ие болады
Фото: Жетісу облысының баспасөз қызметі

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы тұрғын үйлердің құрылысы барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс басшысы алдымен Әлімжанов көшесіндегі 2021 жылы құрылысы басталған 20 және 40 пәтерлі тұрғын үйлерге барды. Бұл көппәтерлі үйлер бюджет қаржысына салынып жатыр. Бас мердігер компания «Құрылысшы ТБС» ЖШС өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары мамыр айында аяқталады. Қадырғали Жалайыри даңғылы мен 8-ші шағын аудандағы тағы екі көппәтерлі үй меценаттардың қаражатына салынуда. Ондағы пәтерлер халықтың әлеуметтік осал санатындағы кезекте тұрғандарға беріледі.

Осы нысандардың құрылыс алаңында болған Бейбіт Исабаев кедергісіз ортаны қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Инклюзивті, әділ қоғам құру - Мемлекет басшысының маңызды тапсырмаларының бірі. Салынып жатқан үйлерде ерекше қажеттіліктері бар тұрғындардың өз үйлеріне еш қиындықсыз кіре алуы үшін ыңғайлы пандустар, автоматты көтергіштер, тактильді жолдар болуы керек. Тек үй ғана емес, барлық жаңа нысандарды салу кезінде мердігерлерге осы ережені сақтау талабы қойылады, - деді облыс әкімі. 

Ол сондай-ақ үйлердің сыртқы қасбеті қаланың сәулеттік келбетіне және эстетикалық талаптарға сай болуы тиіс екенін атап өтті.

8-ші шағын аудандағы тағы екі көппәтерлі үйді «Шымыр» ЖШС мердігерлік ұйымы 2021 жылы аяқталған. Бірақ абаттандыру проблемаларына байланысты әлі пайдалануға берілмеді. Оған мердігер ұйым «Монолит» ЖШС-ның жауапсыздығы себеп болған. Қала әкімі Ә. Масабаевтың түсіндіруіне қарағанда, сот шешіміне сәйкес құрылыс компаниясы инженерлік желілерді салуды аяқтады, бірақ ауланы абаттандыру жағынан тағы да кешіктіруде. Соның салдарынан кезекте тұрған 200-ге жуық отбасы көптен күткен пәтерлерінің кілтін ала алмай отыр.

«Монолит» ЖШС директоры С.Шалымбетов қаржылық проблемаларға байланысты ауланы асфальттауды сәл кештетіп бастағандарын айтты. Ол барлық абаттандыру жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталатынына сендірді. Сондай-ақ өңір басшысының тапсырмасына сәйкес өз қаражаты есебінен «Шымыр» ЖШС мердігер компаниясы осы үйлердің кіреберістеріне автоматты көтергіштер орнатпақ.

Айналма жолды аяқтауды тапсырған облыс әкімі Бейбіт Исабаев салынып жатқан 9-шы шағын аудан барлық жағынан қаладағы үлгілі ауданға айналуы керектігін атап өтті.

Қасбеттердің сыртқы түрі, инфрақұрылымы, жайлылығы мен қауіпсіздігі жағынан және басқа да барлық параметрлер мен көрсеткіштер бойынша болашақ 9-шы шағын аудан үлгі болуға тиіс. Мұнда демалыс алаңдары, балалар ойын алаңдары, жасыл желек – барлығы да болуы керек. Ағаштарды отырғызып қана қоймай, суару жүйесін де жүргізу қажет. Талдықорған оңтүстік-батыс, шығыс бағыттарда одан әрі дамитын болады, бұл ретте барлық құрылыс нормалары мен ережелерін ұстануымыз керек, - деді Исабаев.

Ол сондай-ақ биыл Талдықорғанда 50-ден астам көппәтерлі үй, оның ішінде бюджеттік, коммерциялық, кредиттік тұрғын үйлер мен меценаттардың қаражатына салынып жатқан үйлер тапсырылатынын еске салды.

Бүгінде Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде 15 мыңнан астам адам тіркелген. Осы жылға жоспарланған тұрғын үй көлемін қамтамасыз етудің арқасында 1900-ден астам адам немесе кезекте тұрғандар санының 12-13 пайызы баспанаға қол жеткізеді, бұл – жаман көрсеткіш емес. Біз бюджет қаражатына үй салуды жалғастырамыз, меценаттар да қолдау көрсетеді. Мысалы, «Шымыр» ЖШС Текелі, Үшарал қалаларында, Ақсу ауданында үй тұрғызады. Ал келесі жылы «Самұрық-Қазына» АҚ Үкіметтің қаулысына сәйкес Талдықорғанда 7 көппәтерлі үй, Панфилов ауданында 80 пәтерлі үй, Сарыөзекте 60 коттедж салуды бастайды. Бұл облыс халқының өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен көмек болып, қомақты үлес қоспақ. Алдағы жылдары да тұрғын үй құрылысының осы қарқынын сақтап қалуды жоспарлап отырмыз, - деп түйіндеген Бейбіт Исабаев құрылыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуы тұрақты бақылауда болуы керектігін қатаң ескертті.

Өзгелердің жаңалығы