Биыл Шығыс Қазақстанның 58 елді мекенінде көшелер жөнделеді

17 Ақпан 2022, 17:53
1404
Бөлісу:
Биыл Шығыс Қазақстанның 58 елді мекенінде көшелер жөнделеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үстіміздегі жылы өңірде 58 елді мекендегі көшелер мен кіреберіс жолдары орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып, өткелдер жөнделетін болады. 

Бұл мақсатта қомақты бюджет қаражаты да қарастырылған. Соңғы кездері облыста жолдарды қалпына келтіру бағытына ерекше көңіл аударылып жатқаны рас. Бұл салада өңір басшылығы біраз істің басын қайырып, жолдардың сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шаруаларды атқарды. Мысалы, жол жөндеуге және оларды күтіп ұстауға қомақты қаражат бөліп, мемлекеттік және жекеменшік қаражатты қатарластыра қолданудың 50/50 паритетті қаржыландыру амалдары қолданыла бастады. Өңірдің ауыл-аймақтарындағы жолдар мен көшелерді жөндеп, күтуге «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды бағдарламалардың көмегі орасан болды.

2020 жылы облыста жолдарды жөндеу мақсатында түрлі көздерден 40,7 млрд. теңге мөлшерінде қаржы қарастырылып, 660 километрден астам жол бөліктері жөнделген. Атап айтсақ, «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар», «Үлкен Нарын-Күршім», «Өскемен-Тарғын-Самар»,«Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар»,«Шемонаиха-Усть-Таловка»,«Шемонаиха-Большая Речка», «Семей-Ресей Федерациясы-Зұбайр-Байтанат» сынды жолдар және аудандық маңыздағы 14 автожол жөндеуден өткен. Сондай-ақ, елді-мекендер іштерінде 45,2 километр көше жолдары қалпына келтірілген. Өстіп, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың деңгейі 85 пайызға жетті.

Өткен жылы да жол-көлік инфрақұрылымы саласын дамыту жұмыстары жалғасып, 1,5 мың километрден астам жолдар жөндеу көрсе, оның 618 километрі қолданысқа берілді. Сонымен қатар, жергілікті маңыздағы 203 километр жол орташа жөндеуден өткізіліп, жыл қорытындысында жақсы және қанағаттанарлық жолдардың деңгейі 89 пайызға жетті.

«Былтыр жол құрылысы жұмыстарына жаңа технологиялар қолданылған емес. Үстіміздегі жылы да, аталмыш бағытта жаңа технологиялар қолданылмайды. Биыл жергілікті маңызы бар 160,1 километр жолдарды қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 2,094 млрд., ал облыстық бюджеттен 2,618 млрд. теңге қарастырылды», - дейді облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров. 

Жауапты тұлғаның хабарлауынша, қалпына келтірілетін жол желілерінің ауқымды бөлігі, атап айтсақ 118,3 километрі облыстық маңыздағы автожолдар, ал қалғаны аудандық маңызы бар автожолдар екен. Оған қоса, өткен жылы бастау алған республикалық маңыздағы «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары» автожолының 282-337 километрлерін, «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас» автомобиль жолының 793-823 километрдерін, «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 756-870 километрлерін орташа жөндеуге де біраз қаражат бөлінген.  

Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 58 елді мекенде 143,2 километр көше-жолдар желілері мен 30,1 клилометрге жуық кіреберіс жолдарды орташа жөндеумен қамту көзделген. Басқарма өкілінің хабарлауынша, жобалардың барлығы келісімшартқа қол қойылғаннан соң бірден басталып, 31-ші қазанға дейінгі аралықта толық мәресіне жетпек. 

Жол бойларында өткел болатыны белгілі. Бұл әсіресе суы мен нуы мол Шығыс өңірінде жиі кездесетін мәселе. Қазірде облыс аумағындағы біраз көпірлердің конструкцияларының ескіргені рас. Дегенмен, бұл жұмыстар да назардан тыс қалмай, жылда бюджеттен, кейде тұрғындардың жеке қаражаттары есебінен көпірлер жөнделіп жатады. Үстіміздегі жылы да осындай жұмыстар облыс басшылығының назарынан тыс қалмайтын сыңайлы. Яғни, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыста  ұзындығы 0,7 километрді құрайтын көпірлер орташа жөндеумен қамтылатын болады.

«Биыл Бұқтырма суқоймасының үстінен салынатын көпірдің құрылысына 5,200 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Сондай-ақ, Глубокое ауданы аумағындағы Белоусовка кентінің «Өскемен-Риддер» автожолы тұсынан кіреберісіне көпір салу үшін 139,276 млн теңге, және де аталмыш кенттің Суворов көшесіне көпір салу үшін 128,524 млн теңге мөлшерінде қаржы бөлу көзделген», - дейді Нұрбек Тұраров. 

Бұдан бөлек, шеткері орналасқан Катонқарағай ауданының Алтынбел ауылындағы Нарын өзенінен өтетін өткел де жөндеуді күтіп тұрған нысандардың бірі. Осы себепті биылғы жылы аталмыш көпірді орташа жөндеуден өткізу мақсатында бюджеттен 22,370 млн. теңге бөлуінбек көрінеді. 

Сонымен қатар, биыл жол жөндеуге және көпірлерді қалпына келтіруге бағытталған  жұмыстар Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен аудандарда жүргізілмек. Бұдан бөлек, биыл облыстың қалалы жерлеріндегі орталық көшелерден гөрі шет жақта орналасқан көшелерге де аса мән берілетін көрінеді. Мысалы, биылғы жылы Өскемен қаласында Меновное мен Ахмер ауылдарының, Семей қаласында Мұқыр, Мұрат елді мекендерінің кіреберіс жолдары, Риддер қаласында Ливино ауылының көше-жолдары орташа жөндеу көреді. 

Оған қоса, биыл Абай ауданының Кеңгірбай би, Көкбай, Құндызды сияқты елді мекендерінде 5,3 шақырымға таяу көшелер, кіреберіс жолдар орташа жөнделеді. Аягөз ауданының Ақши, Сарыарқа, Тарлаулы сияқты елді мекендерінде де жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Алтай, Зайсан аудандарында көшелер көп жөндеу көреді.

 

Өзгелердің жаңалығы