Биыл республикалық бюджеттің шығысы 22,5 трлн теңгеге жетеді – ҰЭМ

16 Наурыз 2023, 10:27
1026
Бөлісу:
Биыл республикалық бюджеттің шығысы 22,5 трлн теңгеге жетеді – ҰЭМ
Фото: azattyq-ruhy.kz

Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, ел Үкіметі 2023–2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы аясында 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын нақтылаған.

Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 1,7 пайыз бен 2,9 пайыз арасында болжануда. 2023 жылға арналған Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасының консенсус-болжамы барреліне 87,3 долларды құрайды. Жыл басынан бері орташа баға барреліне 84 доллар деңгейінде қалыптасты. Жедел деректер бойынша 2022 жылы ішкі жалпы өнімнің өсуі 3,2 пайызды құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол салалық министрліктердің бағалауы бойынша биыл экономиканың секторларында бұрын мақұлданған мәндерде оң серпін күтіліп отырғанын айтты. 

Осыған байланысты, 2022 жылғы ішкі жалпы өнім бойынша жедел деректерге, 2023 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлардың бағалары бойынша жаңартылған болжамдарға сүйене отырып, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері бұрын мақұлданған деңгейде сақталды. Яғни ІЖӨ-нің нақты өсуі 4 пайыз деңгейінде, мұнай бағасы – барреліне 85 доллар, мұнай өндіру көлемі – 92,6 млн тонна болады, - деді Бауыржан Омарбеков. 

Сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда мен көлік салаларында өсу болжамдары да сақталған.

Экспорттың көлемі 80,9 млрд доллар, импорттың көлемі – 45,7 млрд доллар деңгейінде сақталды. Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен қыркүйек айындағы Жолдауын қамтамасыз ету бойынша Үкімет алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2023 жылға арналған бюджет параметрлері нақтылады. Осыған сәйкес, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірісі бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ішкі  жалпы өнімнің 12,1 пайызын немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжануда. Республикалық бюджетке қосымша түсім кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі, - деді вице-министр.

Мәселен, биыл бюджет кірісі біржолғы түсім есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге көбейеді деп күтілуде.

Ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылады. Осы жылы бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге  көлемінде немесе ІЖӨ-нің 2,7 пайыз деңгейінде сақтау ұсынылады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығысы бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрайды, - деп нақтылады Бауыржан Омарбеков. 

Айта кетейік, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр.  

Өзгелердің жаңалығы