Биыл полицейлер мен құтқарушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы басталады

14 Қаңтар 2020, 23:23
2117
Бөлісу:
Биыл полицейлер мен құтқарушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында биыл полицейлер мен құтқарушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы басталады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің 2019 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылған жиында белгілі болды. 

Алқа мәжілісінде облыс әкімі Жеңіс Қасымбек полицейлер жұмысының маңыздылығын атап өтті. Басты міндет – тұрғындарды әділ және тиімді қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу және ескерту. Жергілікті билік, өз кезегінде, полицейлерге материалдық-техникалық базамен және қызметкерлер үшін тұрғын үймен көмектеспек. 

Жақын арада 200 қызметтік автокөлік, оның ішінде жеңіл автокөліктер, автобустар және басқа да арнайы техника сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге ішкі істер органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз. Жыл соңына дейін алғашқы кілттерді тапсыру жоспарланып отыр, - деді Жеңіс Қасымбек.

Ол жалпы облыс бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі бір жарым есеге артатынын атап өтті. Қарағандыда бұл көрсеткіш екі есе ұлғаяды. 430 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, оның бір бөлігі ПД және ТЖД қызметкерлеріне арналған. 

Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин полиция жұмысын қорытындылай келе, өңірдегі қылмыс деңгейі төмендегенін хабарлады. 2019 жылы - 25%-ға. Жалпы бұл үрдіс соңғы бес жылда байқалып отыр. Полиция мәліметтеріне сәйкес, алдын алудың арқасында қылмыс азаюда. Бұл жерде қалалар мен ауылдарда бейнебақылау жүйесі үлкен көмек көрсетеді. Өңірде барлығы 4830 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның 1138-і жедел басқару орталығына сигнал береді. 

Камералар көше қиылыстарында, азаматтар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық орындарда орнатылған. Өткен жылы бейнебақылау камераларының көмегімен 479 қылмыс ашылды. Бұл 2018 жылға қарағанда айтарлықтай көп. 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде жол қауіпсіздігі бойынша – 16 мың, - деп атап өтті Ерлан Файзуллин. 

Ол сондай-ақ, қылмыстарды полицейлерге ашуға өңір тұрғындары да көмектесетінін атап өтті. Қазір облыста 147 қоғамдық құрылымдар мен 89 волонтерлік қозғалыстар тіркелген. Үш мыңға жуық еріктілер полицейлермен бірлескен рейдтерге қатысуда. Олар хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды іздестіруге көмектеседі, қолайсыз отбасылармен жұмыс істеуге қатысады, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектеседі.
Ерлан Файзуллин атап өткендей, алдағы уақытта полиция қылмыс деңгейін төмендетуге дәйекті түрде қол жеткізетін болады. Ал өзінің күнделікті жұмысында ең қатаң стандарттар мен талаптарға бағдарлануы тиіс. Басты міндет – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тез және сапалы көрсету. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сервистік көзқарас тұжырымдамасы енгізілуде. "Азаматтарға арналған қабылдау" жобасы іске асырылды, жоспарланған 10 фронт-кеңсенің 5-уі ашылды. 

Біздің облыс тұрғындары мен қонақтары полиция қызметкерлеріне үндеу жолдағанда түсіністікті, адами қарым-қатынасты, ал олардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалатынына сенімді болуы тиіс, - деді Ерлан Файзуллин. 

Облыс прокуроры Марат Сексембаев өз баяндамасында биылғы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстардың, сондай-ақ мал ұрлығының алдын алуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. 

Осыған байланысты прокуратура полициямен бірлесіп белсенді жұмыс істейтін болады, - деді Марат Сексембаев.

Өзгелердің жаңалығы