Моңғолия, Ресей және Қырғызстанда «Abai Uii» іске қосылады – «Отандастар қоры»

12 Шілде 2021, 13:22
3431
Бөлісу:
Моңғолия, Ресей және Қырғызстанда «Abai Uii» іске қосылады – «Отандастар қоры»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдегі ағайынмен мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, әртүрлі мәліметтер бойынша шетелде 5 млн-нан 7 млн-ға дейін этникалық қазақ тұрады. Олардың нақты саны бойынша қазіргі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Отандастар қоры» құрылған сәттен бастап шетелдегі қазақтардың сол елде басын біріктіретін мәдени орталықтарды түгендеу жұмыстарын бенсенді жүргізіп келеді. Ол жұмысқа Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктер де үлесін қосты. Соны нәтижесінде дүниежүзінде 250-ге жуық Қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейтіні белгілі болды, - деп атап өтті Мағауия Сарбасов.

Айтуынша, оның шамамен 150-і белсенді жұмысын жалғастырып келеді.

Бүгінгі күні орталықтың барлығымен байланыс орнатылып, 70-тен астам орталықпен меморандумдарға қол қойылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйі жобасы іске қосылды. Аталған жоба шетелдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында әрекет етеді, - деп түсіндірді қордың вице-президенті брифингте.

Сарбасов атап өткендей, жоба аясында гуманитарлық, мәдени, ғылым, білім беру, спорт және басқа саладағы түрлі бағдарламалар жүзеге асырыла бастады. Өткен жылы «Abai Uii» Ресейдің Омбы, Өзбекстанның Ташкент, Түркияның Стамбул, Германияның Берлин, Украинаның Киев қалаларында ашылды. Биыл қазақ бауырларымыз көп шоғырланған Моңғолияның Баян-Өлгей аумағында, Ресейдің Астрахань, Қырғызстанның Бішкек қалаларында ашу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы