Биыл «медициналық пойыз» құрамына медиатор мен заңгерлер қосылды

26 Сәуір 2023, 17:01
1763
Бөлісу:
Биыл «медициналық пойыз» құрамына медиатор мен заңгерлер қосылды
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі

Қазақстанда басталған «Медициналық пойыз» жобасы аясында еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл дәрігерлер қатарына медиатор мен заңгер мамандары қосылды. Осылайша 75 мыңға жуық ауыл тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алады деп күтілуде.

Биыл «медициналық пойыз» құрамына медиатор мен заңгерлер қосылды

Бүгін Алматы-2 станциясынан салтанатты түрде жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» пойызы, ағымдағы жылдың 6 желтоқсанына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 120-дан астам станцияны қамтитын болады. Шараға дәрігерлер мен теміржолшылар, ардагерлер, өнер қайраткерлері, БАҚ және басқа да тараптар қатысты.

Тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша 150-ге жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдік-кеңес беру қызметін алып, оның ішінде 21 867-сі бала болды. Бұл ретте 5 097 адамға шағын ота жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. Барлығы науқастардың дәрігерлерге қаралу саны 389 388-ді құрады.

Биыл «медициналық пойыз» құрамына медиатор мен заңгерлер қосылды

Медициналық бригадалар диагностикалық процедуралар ғана емес, сондай-ақ шағын амбулаториялық оталар жасайтын 35 маманнан тұрады, оның ішінде терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, мейірбике, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, тіс дәрігері, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог бар. Медпойыз қозғалысының кестесі шалғай станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді.

Биыл «медициналық пойыз» құрамына медиатор мен заңгерлер қосылды

Медициналық пойыз станцияларда 1-2 күн болады. Дәрігерлер тұрғындарды жұмыс уақытында қабылдайды.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы бойынша алғаш рет, пойыз жұмысына, азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық әрі медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылуда. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу құқығын қорғау, зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша тегін кеңес берілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы