Биыл Маңғыстау облысында туристік төрт нысан қолданысқа беріледі

20 Ақпан 2019, 17:36
2047
Бөлісу:
Биыл Маңғыстау облысында туристік төрт нысан қолданысқа беріледі

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы аймақ басшысы Ералы Тоғжанов халықпен есептік кездесуінде айтты.

Туризм – төрт мемлекетпен теңіз, автокөлік және шойын жол жалғайтын өңір әлеуетін дамытудың маңызды бір саласы. 2018 жылы өзге аймақтар мен алыс-жақын шетелден 191 мыңнан астам турист Маңғыстау облысына келген. Әсіресе Каспий теңізінің жағалауындағы демалыс кешендері мен аймақтың таулы-тасты Маңғыстау мен Қарақия аудандарына кісі көп барған. Облыс орталығының көрнекті орындарын көбейту мақсатында нақты іс-шаралар жүзеге асты. Мәселен, былтыр жалпы ұзындығы 1,7 шақырым қала жағалауын жайластыруға 1 млрд қаржы жұмсалды.

«Сонымен қатар, осы жылдың наурыз айында «Туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау жоспарлануда. Осы бағдарлама аясында жалпы сомасы 27 млрд теңгеге ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылмақ. Биыл туризм бағытында өңір аумағында төрт жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда», - деді халық алдындағы сөзінде Ералы Лұқпанұлы.

Аймақ әкімінің мәлімдеуінше, облыс бойынша инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға зор көңіл бөлінуде. Сәйкесінше, өткен жылы ауылдық жерлерді ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 64-тен бес пайызға артты. Биылғы жылы бұл көрсеткішті 75 процентке дейін көбейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта қазынадан 8 млрд теңге бөлінбек.

Бұдан бөлек, 2018 жылы Каспий су тазарту станциясын қайта жаңарту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Қазіргі таңда Мұнайлы ауданы мен Қарақия ауданының орталығы Құрық елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Дәл осы ауылда инвестор қаражатына қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тазарту станциясының құрылысы жүріп жатыр.

Толықтыра кетейік, Жаңаөзенге іргелес орналасқан Кендірлі қалашығында су тұщыту зауытын салуға келіссөздер жалғасуда. Жоспар бойынша бұл кешен тәулігіне 100 мың текше метр теңіз суын ішуге жарамды етеді.

Томирис ӘДІЛ

  Фото: автордікі

Өзгелердің жаңалығы