Қазақстанда биыл авиациялық отын өндірісі жоспарланған көлемнен асып түседі деп күтілуде. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін 825 мың тонна авиаотын өндіру жоспарланып отыр.
Биыл өндіріс көлемін 750 мың тоннаға жеткізу көзделген. Алайда сегіз айдың қорытындысы бойынша 591 мың тонна авиаотын өндірілген. Жылдық көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары болады.
2025 жылы Қазақстанда 726 мың тонна авиациялық отын өндірілген. Алдағы жылдары өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырып, 2031 жылға қарай 1,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, отандық авиаотын Қазақстанның азаматтық авиациясы, күштік құрылымдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік материалдық резервінің қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
Жолаушылар авиациясының ішкі нарықтағы жылдық қажеттілігі шамамен 680 мың тоннаны құрайды.