Биыл Қарағандыда 1,5 мың шақырым жол жөнделеді

13 Ақпан 2020, 07:43
1792
Бөлісу:
Биыл Қарағандыда 1,5 мың шақырым жол жөнделеді
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. "Нұрлы жол" бағдарламасы іске асырылған 5 жыл ішінде Қарағанды өңірінде 4 мың шақырым күре жол жөнделген. Биылғы жылы да автокөлік жолдарын жөндеу жалғасын табады. Бұл жайында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Қоғамдық кеңес алдындағы есеп беруінде айтты.

Қарағанды облысының терриориясымен республикалық және жергілікті маңызы бар 12,5 мың шақырым автокөлік жолы өтеді. Өткен жылы күре жолдардың 1300 шақырымы жөндеуден өткен. Оның 701 шақырымы республикалық, 335 шақырымы облыстық және 265 шақырым аудандық, қалалық маңызы бар жолдар.

Жолдарды жөндеуге ағымдағы жылы 176 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысы қарастырылған. Биыл 1500 шақырым жол жөнделеді, оның 793-і республикалық, қалған 770 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы "Теміртау-Қарағанды", "Солтүстік-Шығыс айналма жолы" жобалары толығымен аяқталады. "Қарағанды-Балқаш" және "Балқаш-Бурылбайтал" бағытындағы жол учаскілері пайдаланылуға беріледі. Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда бағытындағы автожолдың жобалауы аяқталып қалды. Аталған жолдың ұзындығы 720 шақырымға созылады. Жоба 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылады деп жоспарлануда, – деді Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы Қарағандының Майқұдық ықшам ауданынының негізгі көлік артериясы саналатын Карл Маркс, Магнитогорская көшелеріндегі жолдарды жөндеуге баса назар аударылатындығын айтты. Қазіргі таңда әбден тозығы жеткен 11 шақырымға жуық жолмен күніне 200 мыңға тарта адам қатынайтындығын айтады. Жеңіс Қасымбектің пікірінше, облыс орталығындағы үлкен жолдардың ішінде мұндай нашар жағдайдағы жол жоқ.

Сонымен қатар облыс әкімі "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасының аясында қандай шаралар атқарылып жатқандығына тоқталды.

Бүгінгі таңда облыс халқының бестен бірі ауылдық жерлерде тұрады. Біздің міндетіміз – ауыл тұрғындары үшін жайлы және сапалы өмір сүру жағдайларын жасау. Осы мақсатта былтырғы жылы Елбасының бастамасымен Жаңаарқа, Нұра және Ұлытау аудандарының орталығында "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасын жүзеге асыруды бастадық. Аталған аудан орталықтарында 1,5 млрд теңгені құраған 26 жоба іске асырылды. Осының арқасында 160 жұмыс орны құрылды. Мысалы, Ұлытауда балабақша, мектеп, мәдениет үйі жөнделді. Нұра ауданында да музыка мектебі, мұражай, саябақ және орталық стадионда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңаарқа ауданының орталығында жылу қазандығы жөнделіп, 20 үй мен бірнеше әлеуметтік нысан орталық жылу жүйесіне қосылды, 4 көшеге жарықтандыру тіректері орнатылды, 2 балабақша жөнделді, – деп атап өтті аймақ басшысы.

2020 жылы аталған арнайы жоба облыстың Қарқаралы, Ақтоғай, Бұқар-Жырау, Осакаровка, Шет, Ұлытау және Нұра аудандарының елді мекендерін қамтитын болады.

Биылғы жылы ауылдардағы жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 35 көшесі жөнделеді. Осыған бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген, бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

Өзгелердің жаңалығы