Биыл Алматыда музейге келушілер саны екі есе артты

20 Желтоқсан 2023, 02:31
496
Бөлісу:
Биыл Алматыда музейге келушілер саны екі есе артты
Фото: Алматы қаласы Мәдениет басқармасы

Алматы музейлері 2023 жылы кіру билеттерін сату арқылы 60 млн теңгеден астам табыс тауып, биылғы жоспарды 200% асыра орындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев музей ісін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында мәлімдеді.

Биыл 11 ай ішінде өнер сүйер қауым үшін 73 көрме ұйымдастырылды, оны тамашалаушылар саны 125 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Музейлерге кіру билетінің құны 250-ден 5000 теңге аралығында. Балаларға, зейнеткерлерге және студенттерге жеңілдіктер қарастырылған.

Биыл Алматыда музейге келушілер саны екі есе артты

Биыл музей мамандары белсенді және жемісті жұмыс жүргізіп, көптеген көрсеткіш бойынша үздік нәтижелер көрсетті. Халықаралық ұйымдармен 15 меморандумға қол қойылды. Олардың барлығы саланы дамытуға бағытталған. Біздің көрмелер тек қала аумағында ғана емес, Оңтүстік Кореяда, Италияда және Австрияда да ұйымдастырылды. Қала басшылығының қолдауымен биыл мұражай қызметкерлерінің жалақысы 30% көтерілді. Музейлерге келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқаны қуантады, — деді Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

2023 жылы Алматыдағы музей қызметкерлері 25 ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, әкімдіктің қолдауымен алғаш рет Францияның жетекші музейлерінде кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Айта кетейік, Алматыда қала әкімдігіне қарасты 8 музей жұмыс істейді. Олар: Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Д.А.Қонаев музейі, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Н.Тілендиевтің мемориалды музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, А.Байтұрсынұлы музей-үйі, Райымбек батыр музей кешені.

Өзгелердің жаңалығы