Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин сыбайлас жемқорлық үшін еселенген айыппұл түріндегі жазамен қанша адам сотталғанын айтты.
«Ұлттық бюроның тергеу материалдары бойынша 2016 жылы 405 азамат – 2,1 млрд теңгеден астам еселенген айыппұлға, 2017 жылы – 402 тұлға 2,5 млрд теңгеден астам, 2018 жылы – 433 тұлға шамамен 4,5 млрд теңге еселенген айыппұлға соталды. Биыл 75 азамат 472 млн теңге сомадан астам еселенген айыппұлмен сотталды. 1315 сотталғанның жартысынан көбі, яғни 793 тұлға – пара алғаны үшін, 259 тұлға – пара бергені үшін, 72 тұлға парақорлыққа делдал болғаны үшін еселенген айыппұлмен сотталды», - деді Арман Бердалин.
Ол қалған сотталғандар лауазымды өкілеттіліктерді теріс пайдалану, билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану және қолданыстағы ҚР Қылмыстық Кодексінің өзге баптары бойынша сотталғанын атап өтті. Белгіленген соманы төлемеуге байланысты 10 сотталғандарға еселенген айыппұл түріндегі жаза бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Айта кетейік, 2014 жылғы Қылмыстық кодекс арқылы қылмыстық жазаға тарту жүйесі қайта өңделіп, 1997 жылғы Қылмыстық кодекспен салыстырғанда «ізгілендіру» төмендетілді.
Атап айтқанда, 160-тан астам санкцияға қосымша балама ретінде енгізілген айыппұл түріндегі жазаға тарту шарасы елеулі өзгерістерге ұшырады. Егер де адам біржолғы сипаттағы сыбайлас жемқорлықта күдікті болып танылатын болса және оның бой тасалауына ешқандай себеп жоқ болса, оның еркіндігін шектеудің қажеті жоқ. Еселенген айыппұлдар соттарға алынған пара сомасына сəйкес келетін əділ жазалауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, әрбір тұлғаға қатысты өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан айыру, әскери және өзге атағынан, мемлекеттiк наградаларынан айыру түріндегі қосымша жазаға тарту шарасы қабылданады. Бұл соттармен қабылданатын жазалардың тиімділігіне оң әсерін тигізеді және бұрын сотталған тұлғалармен қайта сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау мүмкіндігін жояды.
Жазаның түрі мен көлемі, ең алдымен пара сомасын, парақорлықтың тәсілін (қорқытып алу жолымен, заңсыз әрекеттері үшін, бірнеше рет) және формасын (адамдар тобында, қылмыстық топпен) ескере отырып іс-әрекет сараланытын Қылмыстық кодекс баптарының санкциясына байланысты. Еселенген айыппұлдар ауырлық дәрежесінің барлық санатына, сонымен бірге аса ауыр бойынша да қолданылады.