Бітімгерлер соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

9 Мамыр 2024, 19:38
294
Бөлісу:
Бітімгерлер соғыс ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады
Фото: gov.kz

9 мамырда ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының әскери қызметшілері соғыс ардагері Анатолий Назарович Поповты құттықтап барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Уәлихан Байкенов пен майор Әнуар Арынғазиев майдангерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.

Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын тапсырып, орталықтың әскери қызметшілері атынан шағын сыйлық ұсынды. Бітімгерлер ардагерге майдандағы ерлігі мен борышына адалдығы үшін алғыс айтып, оған зор денсаулық, сергектік және ұзақ өмір тіледі.

Бүгін әлемде әлі де соғыстар жалғасып жатқан кезде, адамзат тарихындағы ең қанды және аяусыз соғыстағы жеңіс халқымызға қандай қиындықпен жеткенін ұмытпау өте маңызды, - деп атап өтті подполковник Уәлихан Байкенов. - Біздің ұрпақтың міндеті – ортақ үйімізде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау. Ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне және өз күштері мен өмірлерін аямай, осы соғыста жеңіске жеткендердің барлығына тағзым ету.

Анатолий Попов 1926 жылы 13 қаңтарда Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Ол 1943 жылы әскерге алынды.

Әскери байланысшы ретінде Анатолий Попов 2-ші Балтық майданының құрамында соғысты. Ардагердің әскери еңбегі "Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін" медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталды.

Фашистік басқыншылардың түпкілікті жеңілісінен кейін Анатолий Назарович армияда қызметін жалғастырды. 1952 жылы Саратов әскери медициналық училищесіне оқуға түсті. Оқудан кейін Германияға қызметке жіберілді. 1955 жылы Отанына оралып, 30 жылдан астам қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда жұмыс істеді. 1986 жылы ол зейнет демалысына шықты.

Жұбайы Тамара Васильевна екеуі екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ардагер балаларының қамқорлығында. Қызы Наталья әкесіне қарасып тұрады. Анатолий Назаровичтің алты немересі мен төрт шөбересі бар.

Өзгелердің жаңалығы