Бішкекте ТМҰ-ға мүше елдердің 5-ші кеңес отырысы өтті

18 Қазан 2023, 08:45
547
Бөлісу:
Бішкекте ТМҰ-ға мүше елдердің 5-ші кеңес отырысы өтті
Фото: baq.kz

Жалған ақпаратпен күрес, ортақ контент қалыптастыру және гуманитарлық өзара ықпалдастықты арттыру. Осы және өзгеде мәселелер Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Ақпарат министрлері мен жоғары лауазымды тұлғалары қатысқан 5-ші кеңес барысында талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар24»-ке сілтеме жасап.

Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия мен Өзбекстанның тарихы, тілі мен ділі жағынан ұқсастықтар өте көп. Енді осы жақындықты кеңінен насихаттап қана қоймай, фейк ақпарат ағынынан қорғау аса маңызды болып тұр.

Жұмыстың негізгі бағыты – біздің кеңістікте таралып жатқан жалған ақпаратпен күрес. Екіншіден, бірлескен тележобаларды қолға алуымыз керек. Осы тұрғыда Қазақстан түркі елдердің азаматтарына барлық жағынан насихатталуы тиіс, - деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.

Қазір әлемде цифрлық технологиялар үстемдік құрған кезеңде дәстүрлі ақпарат құралдарына артылар жауапкершілік жоғары болып тұр. Мемлекеттік медиа әлеуметтік желіге салынған қыруар мәліметтің ақ-қарасын тез арада ажыратып, сенімді дерек беріп отыруы керек. Мәселен, жақында Өзбекстандағы адам саудасы туралы жалған ақпарат тарағанда Түркия үкіметі дер кезінде қол ұшын соза білген.

Осы жағдайды пайдалана отырып, түрік әріптестеріме аталған мәселеге қатысты көмек бергені үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Сондықтан әр ел бойынша жалған ақпаратты теріске шығаратын өкілдер болса, фейкке қарсы күреске қосылған ортақ үлес болар еді деп ойлаймын, - деді Өзбекстан Президенті әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігінің директоры Асаджон Қожаев.

Қазір түркі мемлекеттері арасында ортақ ақпарат тарату органын құру мәселесі талқыланып жатыр. Әзірге мемлекеттік арналарды ұйымға мүше елдердің хабар тарату кестесіне қосу бойынша жұмыс қолға алынған. Мысалы, былтыр Өзбекстанда 8 жаңа телеарна хабар таратты. Арасында біздің «Хабар 24» те бар. Ақпарат министрлері мен жоғары лауазымды тұлғалардың келесі кездесуі тура 1 жылдан соң Самарқанда өтпек.

Өзгелердің жаңалығы