Бишімбаев ісі. Белгісіз біреулер судья Айжан Құлбаеваны қорқытқан

19 Сәуір 2024, 14:19
9839
Бөлісу:
Бишімбаев ісі. Белгісіз біреулер судья Айжан Құлбаеваны қорқытқан
Фото: Жоғарғы сот

Астана қаласының Полиция департаменті судья Айжан Құлбаеваға қатысты қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады деп хабарлайды BAQ.KZ.

Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары түскен.

Қылмыстық кодекстің 407-бабының 1-бөлігі (Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне араласу) бойынша сотқа дейінгі Іс жүргізу басталды.

Судья, жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, интернет кеңістігінде жүргізілген мониторинг барысында судьяға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттері бар көптеген жағымсыз жарияланымдар анықталды.

Тексеру іс-шараларының нәтижелері бойынша тергеу органы Қылмыстық кодекстің 411-бабының 1-бөлігі (Судьяға жала жабу) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Заң кез келген адамға сот төрелігін жүзеге асыру процесіне, оның ішінде судьяның атына жала жабу немесе қорқыту сипатындағы материалдарды жариялау жолымен, ықпал етуге тыйым салатынын ескертеміз.

Сот билігінің беделін түсіретін әрекеттердің жолы кесілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы