Бірыңғай жиынтық төлем: Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар тарапынан жиі қойылатын сауалдар

19 Тамыз 2020, 10:26
2187
Бөлісу:
Бірыңғай жиынтық төлем: Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар тарапынан жиі қойылатын сауалдар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) дегеніміз не? Оның мөлшері қандай? Қалай төлеу керек? 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар тарапынан қойылатын осы және өзге де сауалдарға "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл Дәулетшина жауап береді. 

Айнагүл Дәулетшина қазір тұрғындарда медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты, оның ішінде сақтандыру мәртебесі, аударымдар мен жарналар, бірыңғай жиынтық төлем бойынша сауалдар көп.  кім төлей алады? Бірыңғай жиынтық төлемді кімдер төлейді?

Бірыңғай жиынтық төлемді жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлері, отбасылық кәсіпорындардың ақы төленбейтін қызметкерлері және жылдық айналымы 1 175 АЕК-тен немесе жылына 3,2 млн. теңгеден аспайтын,  жұмыскерлері жоқ кәсіпкерлер төлей алады. Ел аумағында тұрғылықты тұратындар мен оралмандарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар бірыңғай жиынтық төлем жасай алмайды. 

Бірыңғай жиынтық төлемді қандай мөлшерде және қайда төлейді? 

Осы жылдың сәуір айында АЕК мөлшерінің өсуіне қарамастан, Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) мөлшері қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК немесе 2 651 теңге, басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін - 0,5 АЕК немесе 1 326 теңге деңгейінде қалды. Салық кодексінің 775-бабына сәйкес,  Бірыңғай жиынтық төлемді есептеу және төлеу тәртібі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы АЕК мөлшері негізінде белгіленеді. Төленген сома былайша бөлінеді: 30% - зейнетақы қорына, 40% - медициналық сақтандыру қорына, 20% - әлеуметтік сақтандыру қорына, 10% - табыс салығын төлеуге кетеді. 

Бірыңғай жиынтық төлемді әртүрлі жолдармен төлеуге болады - екінші деңгейлі банктер және олардың мобильді қосымшалары, "Халық банкі" терминалдары, KASSA 24, QIWI, медициналық мекемелердегі жедел төлем терминалдары, "Қазпошта" АҚ филиалдары, Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады. 

Бірыңғай жиынтық төлемді төлемегені немесе уақытылы төлемегені үшін айыппұлдар немесе өсімпұлдар бар ма?   

Жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған төлеушілер үшін айыппұл мен өсімпұл қарастырылмаған. 

Егер азамат бірыңғай жиынтық төлемді 1 шілдеге дейін төлемеген болса, өткен 6 ай үшін төлеуі керек пе? 

Иә. Жеңілдік кезеңі алдымен 31 наурызға дейін жарамды болды, содан кейін 1 шілдеге дейін төлемдерді кейінге қалдыру жеңілдігі ғана болды, бірақ оларды төлеу бойынша міндеттемелер жойылған жоқ. Яғни, "МӘМС туралы" Заңның 5-бабы 3-тармағына сәйкес, қорға аударымдар және (немесе) жарналар төленбеген тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын алу үшін қорға төленбеген кезең үшін, бірақ төлеу күнінің алдындағы он екі айдан аспайтын мерзімде жарналарды төлеуге міндетті. Сондықтан МӘМС пакетін пайдалану мүмкіндігі болу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар 1 қаңтардан бастап 2125 теңге мөлшерінде дербес төлеуші ретінде төлем жасау қажет. 

Ал егер азамат бірыңғай жиынтық төлемді төлесе де, МӘМС жүйесіндегі мәртебесі «сақтандырылмаған» болып шықса ше?  Мұндай жағдайда не істеу керек?  Неге олай шығады? 

Егер азамат бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлеген болса немесе салыстырмалы түрде жақында төлей бастаса, бірыңғай ақпараттық жүйе 2020 жылдың қаңтарынан бастап,  яғни, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастаған сәттен бастап,  алдыңғы айлар үшін жарналарды төлегенге дейін,  "сақтандырылмаған" мәртебесін береді. 

Егер азамат бірыңғай жиынтық төлемді жыл басынан бастап үзіліссіз ай сайын төлесе, бірақ жүйеде "сақтандырылмаған" мәртебесі шыққан болса, Халыққа қызмет көрсету орталығынан ("Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы) төлем өткендігін нақтылау қажет. Азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесінің "сақтандырылмаған" болып шығуына көбінесе жарналар төлеу кезінде қате көрсетілген деректер себеп болады. Болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығына жүгінген дұрыс немесе өтінімді Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жолдау керек немесе Қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына жүгіну қажет. Себептері әртүрлі болғандықтан, әр жағдай жеке-жеке қарастырылады. 

Бірыңғай жиынтық төлемді бірнеше ай бұрын алдын ала төлеуге бола ма? 

Жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып танылады және төлем жүргізілген күннен бастап, және бірыңғай жиынтық төлем жүргізілген айдың соңғы күніне дейін "сақтандырылған" мәртебесін алады. Сондықтан төлемді уақытылы және ай сайын жүргізу қажет. Алайда, төлеушінің мүмкіндігі мен қалауына қарай, келесі айлар үшін төлемдер жасауға рұқсат етіледі. 

Егер сақтандырылмаған болса да, әр азамат мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пакетінде медициналық көмек алуға құқысы бар екенін есте ұстаған жөн. Учаскелік дәрігер, педиатр, жалпы практика дәрігер мамандарының қабылдауы, дәрігерді үйге шақыру, жедел жәрдем, емхана мен стационар деңгейіндегі шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар, жұқпалы ауруларды, онкологиялық ауруларды емдеу осы пакетке кіреді және сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан азаматтардың барлығына тегін көрсетіледі. 

  Айта кетейік, Айнагүл Дәулетшина бұған дейін азаматтардың сақтандыру мәртебесі туралы жиі қойылатын 5 сауалға жауап берген еді.


 

Өзгелердің жаңалығы