Біртанов ісі. Прокурор экс-министрге қандай айып тағылып отырғанын айтты

23 Маусым 2022, 18:14
1629
Бөлісу:
Біртанов ісі. Прокурор экс-министрге қандай айып тағылып отырғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы №2 Сарыарқа аудандық сотында Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Прокурор Бауыржан Шекенов ведомствоның бұрынғы басшыларына қатысты қандай айып тағылып отырғанын мәлімдеді.

Біртановты медициналық мекемелердің қызметін автоматтандыру мен оны басқару үшін ақпараттық жүйені әзірлеу кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп кінәлап отыр. Белгілі болғандай, 2015 жылдың желтоқсанында Денсаулық сақтау министрлігі хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен платформаны бір жыл ішінде жеткізу үшін 17,8 млн долларға келісімшарт жасасқан. Алайда аталған мерзімде платформаны іске қосып үлгермеген. 

Платформаны көрсетілген мерзімде аяқтау үшін Біртанов республикалық бюджеттің қаражатынан 6,8 млн доллар немесе 2,9 млрд теңге қосымша бөлуге өтініш жіберу туралы шешім қабылдаған.  2018 жылы 6 маусымда Біртанов өзінің заңсыз нұсқауын орындауды қамтамасыз ету үшін танысы Әбішевті вице-министр лауазымына тағайындаған, - деп атап өтті прокурор.

 Айыптаушылардың нұсқасы бойынша, Біртанов 2018 жылғы 5 қазандағы №569 бұйрығы арқылы қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланып, пилоттық эксплуатацияға аяқталмаған платформаны енгізген.

 Ал 2018 жылы 11 желтоқсанда Әбішев министр Біртановтың заңсыз нұсқауын орындай отырып, платформаның пилоттық эксплуатауцияның сәтті аяқталғаны туралы сертификат берген.  Осы орайда, платформа бойынша барлық жұмыстар орындалмады және оның толықтай іске қосылуын жеткізуші қамтамасыз етпеді, - деді прокурор. 

Сонымен қатар Елжан Біртановқа 2020 жылы пандемия басталған кезеңде санавиацияның бортын пайдалануға қатысты айып тағылды. 

Өзгелердің жаңалығы