- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Бірінші Құрылтайға кімдер барады? 545 кандидаттың портреті
Бірінші Құрылтайға кімдер барады? 545 кандидаттың портреті
Құрылтайдың 145 мандатына жеті партиядан 545 кандидат таласады. Олардың орташа жасы – 45,4 жас, 172-сі әйел, 74-і 35 жасқа дейінгі азамат.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
18 Тамыз 2026, 09:32
Қазақстанда 23 тамызда алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партияның тізіміндегі 545 кандидатты тіркеді. Олардың ішінде бұрынғы Парламент депутаттары да, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтер, спортшылар және қоғам өкілдері де бар. BAQ.KZ кандидаттардың жас және әлеуметтік құрамын, партиялар бойынша тізімдердің көлемін және бұрынғы депутаттардың қаншасы қайта ұсынылғанын саралап көрді.
145 мандатқа 545 кандидат
ОСК мәліметінше, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат таласады. Демек бір мандатқа орта есеппен 3,8 кандидаттан келеді.
Партиялар бойынша кандидаттар саны мынадай:
- «Әділет» – 186
- Respublica – 75
- Қазақстан Халық партиясы – 72
- «Ауыл» – 69
- «Ақ жол» – 63
- «Байтақ» – 47
- ЖСДП – 33
Respublica бастапқыда 76 кандидат ұсынғанымен, бір кандидаттың өз еркімен тізімнен шығуына байланысты соңғы тіркелген тізімде 75 адам қалды.
Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас
ОСК дерегіне сәйкес, 545 кандидаттың 172-сі әйел, 373-і ер адам. 35 жасқа дейінгі 74 кандидат және мүгедектігі бар 19 азамат партиялық тізімдерге енгізілген. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың жиынтық үлесі 43,9%.
2023 жылғы Мәжіліс сайлауында партиялық тізімдерде 281 кандидат болды. Олардың орташа жасы 45,7 жас, 80-і әйел, ал 29 жасқа дейінгі кандидаттар саны 19 адам болды. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың қажетті өкілдігі әр партия бойынша сақталып, бұл санаттардың жалпы үлесі 38,1%-ды құрады.
Яғни кандидаттардың орташа жасы іс жүзінде өзгермеген: 2023 жылы – 45,7 жас, 2026 жылы – 45,4 жас.
Партиялардың кандидат саны 2023 жылдан бері қалай өзгерді?
2023 жылғы Мәжіліс сайлауында жеті партияның партиялық тізімдерінде жалпы 281 кандидат болған. Оның ішінде AMANAT – 90, «Ақ жол» – 54, ҚХП – 52, ЖСДП – 19, «Байтақ» – 18, «Ауыл» – 25, Respublica – 23 кандидат ұсынған.
2026 жылғы Құрылтай сайлауында жалпы кандидат саны 545-ке дейін өсті.
Мысалы, 2023 және 2026 жылдары да сайлауға қатысқан партиялардың кандидат саны:
- «Ақ жол»: 54-тен 63-ке;
- «Ауыл»: 25-тен 69-ға;
- «Байтақ»: 18-ден 47-ге;
- ҚХП: 52-ден 72-ге;
- ЖСДП: 19-дан 33-ке;
- Respublica: 23-тен 75-ке өскен.
Айта кетейік, 2023 жылы Мәжіліс сайлауына қатысқан AMANAT партиясы 2026 жылы «Әділет» партиясына қосылды.
Партиялар Құрылтайға кімдерді ұсынды?
Құрылтай сайлауына қатысатын партиялардың тізімдерінде тәжірибелі саясаткерлермен қатар кәсіпкерлер, педагогтер, дәрігерлер, ғалымдар, спортшылар, журналистер және басқа да сала мамандары бар.
«Ақ жол»: бұрынғы депутаттар мен жаңа кандидаттар
«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, олардың 22-сі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар санатына жатады. Бұл партия тізімінің 34,9%-ын құрайды.
Партия қатарында кәсіпкерлер, педагогтер, бұрынғы полиция қызметкерлері мен заңгерлер бар. Сондай-ақ әр жылдары Мәжілісте жұмыс істеген бұрынғы депутаттар да кандидат ретінде ұсынылды. Олардың арасында Азат Перуашев, Дания Еспаева, Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсенбинов, Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов, Ержан Бейсенбаев, Юрий Ли, Андрей Линник, Ерлік Өмірғали және Олжас Нуралдинов бар.
«Ауыл»: аграрлық сала мамандары басым
«Ауыл» партиясы Құрылтай сайлауына 69 кандидат ұсынды. Тізімде бұрынғы депутаттар Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов және Николай Арсютин бар. Партияның жаңа төрағасы Қайрат Айтуғанов та кандидат ретінде тіркелді.
Кандидаттардың басым бөлігі партия басшылығы мен өңірлік филиалдардың өкілдерінен құралған. Сонымен қатар тізімде аграрлық сала, бизнес, білім және ғылым өкілдері бар.
Олардың қатарында Астана медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры Арман Исмаилов, Қазақстанның Еңбек Ері Эльмира Траисова және Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі орынбасары Дәурен Бабамұратов бар.
Партия тізіміндегі кандидаттардың 71%-ы – ер адам, 29%-ы – әйел. Алты мүгедектігі бар азамат та тізімге енген. Үміткерлердің жартысынан көбі 35 пен 55 жас аралығында.
«Әділет»: ең көп кандидат ұсынған партия
«Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына ең көп кандидат ұсынды. Партия тізімінде 186 адам бар.
Олардың қатарында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан Карин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы төрағасы Наталья Годунова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бар.
Тізімге бұрынғы Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Мұрат Әбенов, Екатерина Смышляева, Сергей Пономарев, Максим Рожин, Снежана Имашева және Марат Башимов та енді.
Сондай-ақ Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотта прокурор болған Айжан Аймағанова «Әділет» партиясынан кандидат ретінде ұсынылды.
Партия 186 кандидат үшін жалпы сомасы 237 млн 150 мың теңге сайлау жарнасын төледі. Бір кандидатқа шаққандағы жарна мөлшері – 1 млн 750 мың теңге.
«Байтақ»: кәсіби мамандарға басымдық берілді
Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ» 47 кандидат ұсынды. Бұған дейін партия 51 адамды кандидат ретінде көрсеткенімен, съезден кейін олардың төртеуі сайлауға қатысудан бас тартқан.
Партия 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында 2,30% дауыс жинағандықтан, сайлау жарнасына 30% жеңілдік алды. Нәтижесінде 47 кандидат үшін 41 млн 947 мың теңге төленді.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, тізімге кәсіби заңгерлер, кәсіпкерлер, экологтар, инженерлер, педагогтер мен дәрігерлер кірген.
Қазақстан Халық партиясы: тізімде бұрынғы депутаттар мен танымал тұлғалар бар
Қазақстан Халық партиясы Құрылтай сайлауына 72 кандидат ұсынды.
Партия тізімінде бұрынғы депутаттар Ирина Смирнова, Асылбек Нұралин және Кенжеғұл Сейітжан бар. Сонымен қатар әнші Тамара Асар мен әлеуметтік желіде танылған мұғалім Игорь Гноевой да кандидат ретінде ұсынылды.
Тізімде экс-сенатор Ләззат Сүлейменова, денсаулық сақтау вице-министрінің бұрынғы орынбасары Ләззат Ақтаева және муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы Данияр Аргумбаев та бар.
Партияның жаңадан сайланған төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов пен оның орынбасарлары да Құрылтай депутаттығына кандидаттар қатарында.
ЖСДП: 33 кандидат
Құрылтай сайлауына ең аз кандидат ұсынған партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия. Оның тізімінде 33 адам бар.
Кандидаттардың басым бөлігі партияның орталық аппараты мен өңірлердегі белсенділерінен құралған. Бұрынғы депутаттар қатарында Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова және Наурыз Сайлаубай бар.
Respublica: блогерлерден кәсіпкерлерге дейін
Respublica партиясы Құрылтай сайлауына 75 кандидат ұсынды. Тізімде кәсіпкерлер, журналистер, спортшылар, IT-мамандар мен мәдениет саласының өкілдері бар.
Кандидаттар арасында блогер Бейбіт Әлібеков пен «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов те бар. Бұрынғы депутаттардан Айдарбек Ходжаназаров, Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова және Нұргүл Тау партия атынан сайлауға қатысады.
Ең оқылған:
- Қыркүйекте Қазақстанда ауа райы қандай болады?
- Алдағы төрт жылда қай салаларда жалақы өседі?
- 1 қыркүйектен бастап оқушы қалай бағаланады? Мұғалім мен ата-ана нені ескеруі керек
- ДДСҰ биыл денсаулық сақтау нысандарына жасалған 900-ден астам шабуылды тіркеді
- 2026 жылы жалғызбасты ана қалай баспаналы бола алады?