Бірінші курсқа 200 студент қабылданады, ал 900-і бітіреді. БҒМ ЖОО-лардағы былық туралы айтты

24 Ақпан 2021, 15:39
1852
Бөлісу:
Бірінші курсқа 200 студент қабылданады, ал 900-і бітіреді. БҒМ ЖОО-лардағы былық туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов ЖОО сапасына қатысты facebook парақшасында пікір білдірді. 

Алдыңғы жазбада біз неге жоғары оқу орындарын лицензиядан айыратынымыз туралы жазған болатынмын. Ол жазбаны көптеген адамдар қолдады, оларға рақмет айтамын, деп бастады вице-министр өз жазбасын.

Оның айтуынша, қоғам жоғары білім берудегі өзгерістерге, оның ішінде сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының жабылуына нақты әрі негізді сауал қалыптастырғанын байқауға болады.

Алдыңғы жазбада мен тек жоғары оқу орындары тарапынан жіберілген ең өрескел бұзушылықтардың ғана бетін ашқан болатынмын. Бүгін мен кейбір жоғары оқу орындарының тек бір мақсат - тексеруден өту үшін қандай амалдарға баратынын көрсеткім келеді. Бұл ретте тағы да атап өтемін, сөз тек бүгінде басым көпшілігі сапалы білім беруге тырысатын оқу орындарының шағын тобы туралы болмақ, - дейді Мирас Дәуленов.

БІРІНШІ. Тексеру алдында студенттерді, оның ішінде шетелдік студенттерді жаппай оқудан шығару. 

Ал тексеруден кейін барлық студенттер аман-есен оқуға қайта қабылданады, тек олар оқудан шығарылғанын білмейді. 

Жоғары оқу орнының 1 күнде 800-1000 студентті бірден оқудан шығарғаны туралы мысалдар бар.

Бұл оқытушылар саны аз болса да студенттердің шағын контингентін оқытуға жеткілікті екенін немесе әдебиеттер, жабдықтар санының аздығы сол студенттер саны үшін жететінін көрсету үшін жасалады.

Кейбір жоғары оқу орындарында студенттердің жаппай көші-қоны шарықтау шегіне жеткен. 

Бірінші курсқа 200 студент қабылданады, ал 900-і бітіреді. 

Кейбір жоғары оқу орындарында бітірушілердің өсімі 400, 500 және тіпті 950%-ды құрайды.

Себептері әртүрлі. Көбінесе олар мықты жоғары оқу орындарынан нашар үлгерімі, академиялық адалдық қағидаларын бұзғаны үшін оқудан шығарылған студенттер.

ЕКІНШІ. Жоғары оқу орындарының шетелдік жоғары оқу орындары берген-мыс жалған білім туралы құжаттарды қабылдау фактілері бар.

Біз жүргізген тексерулер ауыстырылған студенттер ешқашан шетелдік жоғары оқу орындарында оқымағанын, ал «дипломдардың» өзінде жоғары оқу орындарының, тіпті шет елдердің министрліктерінің атауында өрескел қателер бар екенін көрсетті.

Ең өкініштісі, жалған құжаттар негізінде қабылданған студенттер одан әрі басқа қазақстандық жоғары оқу орындарына ауысқан кезде осылайша «заңдастырылады», өйткені жоғары оқу орнынан жоғары оқу орнына транскрипт негізінде ауыстырылады.

ҮШІНШІ. Тексеру кезінде жұмысқа орналасу деңгейінің жоғары екенін көрсету үшін жоғары оқу орындары БЖЗҚ-ға түлектер үшін ең төменгі төлем жасайтын жағдайлар жиі кездеседі.

ТӨРТІНШІ. Басқа жоғары оқу орындарының штаттағы оқытушылары болып табылатын оқытушылардың құжаттарын ұсыну. 

Оқытушылардың өздерінің басқа жоғары оқу орнында тіркелгендігін білмейтіндігі туралы да мысалдар бар. 

Яғни, тексеруден бұрын ұйым басшысы жұмысқа қабылдау туралы, ал тексеруден кейін жұмыстан босату туралы бұйрық шығарады. 

Мұны біз жоғары оқу орындарына жүргізілген жан-жақты тексерулерден көреміз. 

Яғни, іс жүзінде онда қажетті мамандар жоқ, бірақ тексеруден өту үшін олар жұмысқа қабылданады, тексеруден кейін олар жұмыстан шығарылады.

БЕСІНШІ. Тексеру алдында кітапхана қорын толықтыру. 

Жоғары оқу орындары студенттерді заманауи әдебиеттермен қамтамасыз етуі тиіс. 

Бірақ, кейбір оқу орындары олай деп ойламайды. Олар үшін ең бастысы - тексеруден өту.

Сондықтан олар тексеру кезеңінде оқулықтарды басқа жоғары оқу орындарынан «қарызға алады», бірақ оларды теңгерімге қабылдауға үлгермейді. 

Оқулықтарда басқа жоғары оқу орындарының мөрлері тұрады.

АЛТЫНШЫ. Білім беру бағдарламаларын, силлабустарды талдау, әдетте, бүкіл құпияның бетін ашады. 

Бұл мәселеге мен жеке жазба арнаймын.

Сөзіме тұздық болу үшін мынадай мысалды атап өтемін: ұсынылған әдебиеттер, мысалы, құқықтық пәндер тізімінде 10 жыл бұрын күшін жойған нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі, оқу нәтижелерінде «Банктер мен банк қызметі туралы федералды заңды білу» деген де жазулар бар.

Енді осы жоғары оқу орындары қандай заңгерлерді шығаратыны туралы ойланып көріңіз және сіз өз тағдырыңызды шетелдік заңнаманы біліп, ол да күмәнді, өзіміздің заңнамадан хабарсыз заңгерлерге сеніп тапсыра аласыз ба?!

Білім сапасын жоғары оқу орындарын жауып қана арттыруға болмайды. 

Бұл сондай-ақ басты мақсат емес. 

Өкінішке орай, біз осындай түбегейлі шаралар қабылдауға мәжбүрміз. 

Біз үшін басқа да жүйелі іс-шаралар басымдық болып табылады. 

Сондықтан біз НҚА өзгерту, білім беру қызметін жүргізу үшін жағдайларды жақсарту және академиялық дербестікті кеңейту бойынша жұмыс жүргіземіз.

Біз әріптестеріміздің пікіріне құлақ асамыз әрі олармен тығыз жұмыс істейміз. Көбінесе біз олардан көптеген жақсы ұсыныстар мен идеялар аламыз. Сайып келгенде, біздің міндетіміз бір - ол жоғары білікті кадрлар даярлау.Айтпақшы, талаптарды мықтап күшейту туралы қалыптасқан пікірге қарамастан, өткен жылы заңнаманы ырықтандыруға бағытталған өте көп өзгерістер енгізілді. Үш корпустың болуы туралы талап алынып тасталды, штаттық қызметкерлерге, ғылыми дәрежелілікке, жоғары оқу орындарындағы студенттердің міндетті санына қойылатын талаптар және т.б. айтарлықтай төмендеді.Бұдан кейін де мұндай шаралар жалғасатын болады.Көптеген өзгерістер жоғары оқу орындарының ұсыныстары негізінде жасалды.Біз жоғары білім сапасын арттыру жұмысын жалғастырамыз, - деді вице-министр.

Айта кетейік, осыған дейін БҒМ қандай ЖОО-лар жабылатынын айтқан еді.


Өзгелердің жаңалығы