Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

6 Қазан 2022, 14:56
1279
Бөлісу:
Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген
PHOTO

Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейінгі жеті күннің ішінде-ақ Шығыс Қазақстан облысына көрші елдің 5935 азаматы келіп үлгерген. Шетелдіктердің көптеп келуі өңірдегі пәтер жалдау бағысының өсуіне әкеп отыр деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Көршілес Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң кейбір азаматтары соғысқа аттанудан гөрі шекара асуды құп көрген. Бұл жағдай Шығыс Қазақстанға да әсерін тигізіп отыр. Өңірдің Ресеймен ортақ 800 шақырымдай шекарасы бар. Өзге ел азаматтарының бізге еш кедергісіз әрі көптеп келуіне байланысты алдымен жалдамалы пәтерлердің ақысы шарықтаған. 

Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

Өскемендегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек болдырмас үшін Ресей азаматтарына арналған терез ашылған болатын. Жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдеп жатқан ресейліктерді әңгімеге тартып көрдік. Кейбірі пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартып жатты. Көпшілігі аты-жөндерін жазбауын сұрады. Ресейде мобилизациядан жалтарғандар үшін жаза күшейтілгені белгілі. Бәлкім, содан қауіптенетін шығар. Дегенмен, ойларын бүкпесіз айтып, соғысқа қарсы екендіктерін жеткізгендер де болды. Өкініштісі, ара-тұра өз отандарының басқыншылық саясатын қолдаушылар да кездесті. 

Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

Мен өзге елді жаулау соғысына қатысқым келмейді, сол себепті отанымнан кеттім. Ресейге сырттан еш қауіп төніп тұрған жоқ, оны қорғайтындай. Кезекте тұрған мына жастардың ешқайсысы қолына қару ұстап көрмеген, майданға түссе, бірден оққа ұшады. Себебі, соғысқа алынғандардың әскери дайындыққа жіберілгені де байқалмайды, – деді бізге сұхбат берген Иван Гаврилов.

Ол Мәскеуден Новосібірге ұшып кеп, одан бері автобуспен жеткен екен. Бұл соғыстың мүлдем әділетсіз екенін, Ресейге қазір тек бейбіт өмір мен тыныштықтың керек екенін айтты бізге. 

Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

Қазақстанда Өскемен деген қала бар екенін білмеппін. Мобилизация туралы жарлық шыққан күні-ақ ұшаққа билет алдым. Бар ойым соғыстан жалтару болды. Осылайша, Новосібірге ұшып бардым. Ол жерден жақын тұрған Қазақстанға тарттым. Новосібір – Өскемен бағытындағы автобустың ең соңғы билетін мен алып үлгердім, – дейді басынан өткен оқиғаларын айтқан Иван.

Новосібірлік Кирилл мен Оксана да жарлық шыққан күні көліктеріне мініп, Өскеменді бетке алыпты. Соғыс бітсе, үйімізге қайтатын шығармыз дейді.

Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

Мен Отанымды жақсы көремін, жанымды қиюға әзірмін Ресей үшін. Ал мына жағдайда, бөтен елде қандай мақсатпен соғыспақпын? Кімнен қорғауым керек Ресейді? Тектен-тек, қайдағы бір саясаткерлердің амбициясы үшін өлгім келмейді. Соғыс аяқталып, бейбіт өмір орнап жатса, Отаныма ораламын, – деп өз ұстанымын жеткізді Кирилл. 

Иә, біз сөйлескен ресейліктердің дені уақытша келгендерін айтып отыр, жағдай тынышталған соң үйлеріне қайтпақ. Енді біреулері Қазақстанды тек транзит ретінде қарастырады екен, олар Еуропа елдеріне барып, сонда біржолата тұрақтап қалуды көздейді. 

Түс ауа Халыққа қызмет көрсету орталығына келуші ресейліктердің қарасы тіптен көбейді. Жалпы мобилизация жарияланған 21 қыркүйектен бастап 28 қыркүйекке дейін облысқа «Үбі» шекара бекеті мен Өскемен әуежайы арқылы 8629 шетелдік азамат келген екен. Олардың 5935-і – Ресей азаматы.

Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

Облыста 684 жалдамалы пітер тіркелген, оларда 11 ресейлік тұрып жатыр. Әрине, бұл – ресми деректер, нақты санның бірнеше есе көп екені анық. 458 көрші ел азаматы қонақ үйлерді паналапты. Атап айтсақ, 28-і Шемонаиха ауданында, 67-сі Рид­дер­де, 363-і Өскеменде орын тапқан.

Полиция департаменті жол­даған деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанды 8450 Ресей азаматы тұрып жатыр. Оның 4972-сы тұрақты, 1737-сі уақытша, тағы 1741-і хабарлама бойынша тұруда. Бұл цифрлардың әрқайсысы – бір адам, бір тағдыр. 

Бір апта ішінде Шығысқа 6 мыңға жуық ресейлік келген

Ресейліктердің Шығысқа қаптап келуі жалдамалы пәтер бағасын өсіріп жіберді. Айталық, Өскеменде екі бөлмелі пәтерлердің айлық жалдау құны 400 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Ал облыстағы орташа жалақы – 262 мың теңге. Яғни, жергілікті жұрттың қалтасы көтермейді мұндай төлемақыны. 

Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс бүкіл әлемнің мазасын алды деуге болады. Көрші ел азаматтарының шекарамыздан өтуіне тосқауыл қоя алмаймыз. Десек те, бұны уақытша қиындық деп санаймын, жағдайдың оңаларына сенімдімін. Ал пәтерақы бағасын тиісті шаралар қолдана отырып, тежеу қажет. Жалпы, осы салаға мемлекет тарапынан қатаң бақылау орнататын кез жетті. Үй жалдап жүрген қаншама отандастарымыз бар, соларға қиын болып тұр. Жатақханалардан орын таппай қаншама студенттеріміз сенделуде, – деп ой білдірді өскемендік қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек.

Өзгелердің жаңалығы