Бір апта ішінде Қазақстанда пияз, сәбіз және картоп бағасы арзандады

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді

4 Қыркүйек 2026, 12:37
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 4 Қыркүйек 2026, 12:37
4 Қыркүйек 2026, 12:37
184
Фото: ©BAQ.KZ архиві

2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қандай азық-түлік арзандады?

Апта ішінде пияз – 7,2%-ға, сәбіз – 4,6%-ға, картоп – 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 3,1%-ға, алма – 1%-ға төмендеді.

Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеді.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.

Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 238 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – килограмына 155 теңге.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодарда – 169 теңге және Қостанайда – 183 теңге деңгейінде қалыптасты.

Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркелді – килограмына 315 теңге.

Ет арзандады ма?

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 804 теңгені, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде тіркелді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тамыз айында қандай азық-түлік пен тауарлар арзандағаны хабарланды

Наверх