2026 жылғы 19 тамыздағы жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді.
Апта ішінде пияздың бағасы 4,9%, картоп 4,1%, алма 2,7%, ақ қауданды қырыққабат 2,2%, сәбіз 1,9%, қияр 1,5%, қой еті, оның ішінде сүйексіз ет 0,6%, қызанақ 0,4% арзандады.
Есепті аптада бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының, қаймақтың, сары майдың және тұздың бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қарағандыда – 0,7%-ға, Көкшетау мен Өскеменде – 0,5%-ға, Қонаевта – 0,4%-ға, Жезқазған мен Талдықорғанда – 0,3%-ға төмендеді.
Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл және Семей қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы 1 килограмына 188 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Түркістан қаласында – 135 теңге деңгейінде тіркелді.
Картоптың республика бойынша орташа бағасы 1 килограмына 248 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Павлодарда – 180 теңге, Түркістанда – 218 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ел бойынша алманың орташа бағасы 1 килограмына 776 теңгені құрады. Ең төмен баға Шымкент қаласында – 639 теңге деңгейінде тіркелді.