Бір агенттікке қарап отыра беруге болмайды. Қоғам қайраткері жемқорлықпен күрес туралы айтты

11 Наурыз 2021, 12:33
1596
Бөлісу:
Бір агенттікке қарап отыра беруге болмайды. Қоғам қайраткері жемқорлықпен күрес туралы айтты

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AntikorNews алаңында өткен тікелей эфирде қоғам қайраткері, «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел «Парасат жолы» жобалық кеңсесінің қызметі туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 19 тамызында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте «Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті, қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы» деп өзінің алаңдаушылығын білдіріп,  жемқорлыққа қарсы кешенді шаралар қолдану керектігін айтқан болатын. 

Бір агенттікке қарап отыра беруге болмайды, сол агенттікпен бірлесіп жемқорлыққа қарсы қоғам болып жан-жақты күресуіміз керек. Бұл арқылы жемқорлықтың тынысын тарылтып, демін шығармай тұншықтырып жоюға болады, - деді Сәдібек Түгел. 

Агенттіктің ұстанымына сәйкес адам бойындағы парасаттылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру - қоғаммен тығыз қарым қатынаста болғанда ғана мақсатына жететіні белгілі. 

Осы жұмыстарды жүйелеу мақсатында және де жаңа серпін беру үшін, биылғы жылы 3 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің «Адалдық алаңы» жобасы аясында Ұлттық академиялық кітапханада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» орталығы салтанатты түрде ашылды, - деп атап өтті ол. 

«Парасат жолы» орталығының жетекшісінің сөзінше, елордадан бастау алған жоба Алматы, Шымкент қалаларында, сонымен қатар 14 облыста және аудан орталықтарында ашылды. 

Қазіргі таңда ауылдарда осындай орталықтар ашу жалғасын тауып жатыр. Наурыздың соңына дейін еліміз бойынша барлық кітапханада «Парасат жолы» орталықтары ашылады деп күтілуде. Кітапханалары жоқ елді мекендерде ауыл клубтары немесе әкімшіліктерде орналасатын болады, - деді ол. 

Мұндай орталықтар еліміздің барлық кітапханаларда болуы заңды. Бұл әлемдік тәжірибе. Әр адам мазалап жүрген сұрағына, көкейіндегі сауалына жауапты кітаптан, кітапханадан алады.

Өзгелердің жаңалығы