Бибосынов кубалық боксшыны жеңіп, Елорда кубогының чемпионы атанды

Бибосынов кубалық боксшыны жеңіп, Елорда кубогының чемпионы атанды
861

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан Елорда кубогының финалында 50 келі салмақта отандасымыз Сәкен Бибосынов кубалық боксшымен жұдырықтасты.

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан халықаралық Елорда кубогы аяқталуға жақын қалды. Финалға өткен кіл мықтылар жеңіс үшін барын салып жатыр. Финалдық жекпе-жекте ерлер арасында 13 чемпион, қыздар арасында 12 чемпион анықталады. Ал турнир Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.

Ерлер арасында Қазақстанның 54 боксшысы сынға түскен болатын. Соның 16-сы финалға жолдама алды. Тіпті, кейбір салмақ дәрежелерінде Қайрат Сәтжанов шәкірттері финалға берілер жолдамаларды өзара сарапқа салуға мәжбүр болды. Осылайша көшбасшы боксшыларымыздың нағыз бабында екендіктері қуантты. Бұл жерлерде соңғы Әлем чемпионатының финалистері - Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан сынды саңлақтарымызды ерекше атап өткен жөн. Енді олар «Елорда кубогінің» чемпиондық атақтарын Қытай, Куба, Өзбекстан боксшыларына қарсы айқастарда сарапқа салады.

Финалда 50 келі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Сәкен Бибосынов кубалық Алихандро Кларо Физді жеңіп, бүгінгі турнирдің чемпионы атанды. Айта кетейік, жартылай финал күні Сәкен Бибосынов 25 жасқа толған еді.
Финалдағы ең қызықты жекпе-жектердің бірі 71 келі салмақ дәрежесінде өтуі тиіс деп топшылануда. Мұнда жерлесіміз Аслан Шымбергенов Әлем чемпионы, жапон Севон Оказавамен айқасады.


Фото: дереккөз