Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың жеңімпазы анықталды

12 Қазан 2021, 22:02
3068
Бөлісу:
Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың жеңімпазы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Операда» Бибігүл Төлегенованың XI Халықаралық вокалистер байқауының жеңімпазын марапаттау рәсімі мен финалистер концерті өтті. Биыл байқауда Дінмұхамед Көшкінбаев үздік атанды.

Бибігүл Төлегенованың Халықаралық байқауы 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіліп келеді. байқау еліміздің мәдени өміріндегі бірегей құбылысқа айналды. Биыл байқаудың 20 жылдығы маңызды атаулы күн – қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова шығармашылығының 70 жылдығымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр.

Сондай-ақ «Астана Опера» театры жеңімпаздарға жеке сыйлық табыстады. Театр дирекциясы атынан арнайы жүлде –Astana Opera Халықаралық опера академиясында ай сайынғы стипендиямен оқуға арналған сертификат Дінмұхамед Көшкінбаев пен Әсем Әубәкіроваға бұйырды. Бірінші дәрежелі сыйлықтың лауреаттары – Габриель Де-Рель (Ресей), Атабек Назиров (Өзбекстан), Әлихан Зейнолла (Қазақстан). Ал екінші дәрежелі сыйлық лауреаттары – Ұлпан Әубәкірова (Қазақстан), Азиза Мұхамедова (Өзбекстан), Әсем Әубәкірова (Қазақстан) және т.б.

Биылғы байқау өте мәнді, мазмұнды өтті. Барлық орындаушы дайындықтарының жоғары деңгейде екенін паш етті. Үздіктердің-үздігін таңдау оңай болған жоқ. Бұл сөзіме қазылар мүшесі де қосылады деп ойлаймын. Осы байқау арқылы асқақ өнердің ғажап әлеміне жол тартқан жандардың кәсіби тағдырын үнемі бақылап отырамын. Сол жаңа жұлдыздар әлемнің үздік сахналарында еліміздің атын шығарады деп сенемін. Алғаш ұйымдастырылған кезден бері байқауға жоғарғы деңгейде көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында байқау қатысушыларына жүрекжарды тілегін арнады. Бас демеушілер мен Мәдениет және спорт министрлігіне қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін,-деді байқауының әділ қазылар алқасының төрайымы, Бибігүл Төлегенова.

Осылайша, байқау жас дарынды орындаушыларды анықтап, қазақ классикалық өнерінің беделін көтеруге, жастардың рухани дамуына ықпал етіп келеді. 

Байқау қорытындысы шығар кезде бәріміз қатты толқыдық. Шынымды айтсам, жеңімпаз ретінде өз аты-жөнімді естимін деп ойлаған жоқпын. Мұндай беделді байқаудың жеңімпазы болу мен үшін үлкен мәртебе. Ата-анама және қасымда болған барлық жақын жанға алғыс айтамын,-деді Дінмұхамед Көшкінбаев.


Өзгелердің жаңалығы