Биатлоннан әлем чемпионаты өтеді

24 Ақпан 2023, 15:59
924
Бөлісу:
Биатлоннан әлем чемпионаты өтеді
Фото: olympic.kz

Елімізде 4-12 наурыз күндері биатлоннан жасөспірімдер мен жастар арасындаәлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жас биатлоншылар бес түрлі дисциплина бойынша жарыстың жүлделерін сарапқа салады. Чемпионатқа әлемнің 41 мемлекетінен 500-ге жуық спортшы қатысады.

Бүгінгі таңда спортшыларымыз биатлоннан халықаралық додаларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Осы жақында ғана АҚШ та өткен Қысқы Универсиада ойындарында отандастарымыз Бекентай Тұрлыбеков пен Вадим Куралес спринтте және жекелей сында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Вадим Куралес Австриядағы жекелей жарыста жасөспірімдер Кубогының күміс медалін жеңіп алды. Мұның бәрі елімізде аталған спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқандығын білдіреді, - дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Самат Ерғалиев.

Биатлоннан мұндай спорттық іс-шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. 2018 жылы Щучинск қаласында Ұлттық шаңғы орталығы ашылып, Халықаралық Биатлоншылар одағының сертификаттауынан өткен еді. Осылайша ірі халықаралық жарыстарды өткізуге арналған «А» санатындағы лицензияға ие болды. 

Жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы чемпионатты өткізу Қазақстанның биатлон тарихындағы айшықты оқиға. Аталған іс-шара нәтижесінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортта серпін пайда болатынына сенімдіміз, - дейді Қазақстан Биатлоншылар Одағының Президенті Ермек Қизатов.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасының негізгі құрамы Щучинск қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы Қазақстан Кубогының нәтижелері бойынша белгілі болады.

Айта кетейік, Әлем чемпионаты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры Sport Qory, Ақмола облысының әкімдігі, сондай-ақ Қазақстан Биатлоншылар одағының қолдауымен өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы