БҒМ: Елімізде 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылуда

30 Желтоқсан 2021, 16:07
1986
Бөлісу:
БҒМ: Елімізде 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл және Шымкент қалаларында 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылуда. 

Бұл туралы БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев хабарлады.

Оның айтуынша, жаңа жоғары оқу орындары Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде ашылады. Ондай практика осы уақытқа дейін де қолданылған.

НУ тәжірибесі негізінде Петропавл және Шымкент қалаларында 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылуда. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Назарбаев Университетінің басшылығымен Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, Аризона университетінің басшылығымен Технологиялар және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі құрылды. Облыстың сұранысына сәйкес жаратылыстану ғылымдары, агротехникалық, ақпараттық технологиялар, техника, білім, экономика және бизнес, әлеуметтік ғылымдар бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленді. Foundation бағдарламасына алғашқы қабылдау 2022 жылы өтеді, – деді ол.

Департамент директорының мәліметінше, жаңадан құрылатын университеттер «бір мектеп – бір шетелдік серіктес» принципі бойынша және басқа да жаңашылдықтар негізінде жұмыс істейтін болады.

Аталған 2 озық өңірлік жоғары оқу орындарда шетелдік жетікші ЖОО-мен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, бір мектеп – бір шетелдік серіктес принципі, көптілділік (қазақ-ағылшын, орыс-ағылшын), педагогикалық ұжымның 100 пайызы дерлік ғылыммен айналасуы, материалдық-техникалық базаны және ғылыми зертханаларды заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықтау көзделген, – деп түсіндірді Әділет Тойбаев.

Атап өтейік, жаңа университеттер Президенттің тапсырмасымен Ұлттық жоба аясында құрылады. Ұлттық жоба бес міндеттен құралған төрт бағыттан тұрады. Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Өзгелердің жаңалығы