Бейжіңде коронавирус індетінің жаңа оқиғасы тіркелді

13 Маусым 2020, 21:11
1773
Бөлісу:
Бейжіңде коронавирус індетінің жаңа оқиғасы тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейжіңдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ең ірі базары – Синьфадиде қызметкерлерді коронавирусқа тексеру жұмыстары басталды. 24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, бұған дейін осы сауда орны жұмыскерлерінен қауіпті вирус анықталған. 

Бұл туралы Қытайдың "Глобал Таймс" басылымы хабарлады. 

Жалпы Синьфадидің ауданы 100 гектардан асады. Қазір базар уақытша жабық тұр. Мамандар онда жұмыс істейтін 10 мың адамды тексеруге ниетті. Әзір 500-ден астамы тест тапсырған. Солардың 45-сінің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бірақ барлығында да ауру еш белгісіз өтуде.   

Синьфади базары мен маңайдағы 11 шағын ауданда карантин жарияланды. Сауда орнының өзі таңғы үштен бері жабық тұр. Мамандар қызметкерлерді тексеріп жатыр. Індет расталған науқастармен жақын қарым-қатынаста болған 139 адам дәрігердің бақылауында. Ал осы сағатқа дейін базардың  517 қызметкері тест тапсырып үлгерді, - дейді Бейжің қаласы Фэнтай ауданының партиялық комитеті жетекшісінің орынбасары Чу Цзюньвэй.

Естеріңізге сала кетейік, Бейжіңде шамамен 2 ай коронавирус жұқтыру деректері тіркелмеген еді. Билік осы диагнозбен жатқан барлық науқастың ауруханадан емделіп шыққанын мәлімдеген. Негізі мұнда бірінші, екінші және үшінші сынып оқушыларының сабағы 15 маусымда басталуы тиіс еді. Алайда жаңа деректер кесірінен оны кейінге шегеруге тура келді. Сондай-ақ оқыту орталықтары да әзір ашылмайтын болды. Одан бөлек, Бейжіңде спорттық іс-шаралар өткізуге уақытша тыйым салынды.

Өзгелердің жаңалығы