Маңғыстау облысында кеден қызметкерлері мен шекара қызметі бірлесіп жүргізген тексеру барысында ірі көлемдегі заңсыз алкоголь өнімінің жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 20 сәуір күні Бейнеу станциясында «Душанбе – Волгоград» бағытымен қатынайтын жолаушылар пойызын кедендік бақылау кезінде тіркелген. Тексеру барысында декларацияланбаған 84 литр (168 бөтелке) шетелдік алкоголь өнімдері анықталып, тәркіленді.
Кеден органдарының мәліметінше, тыйым салынған тауар Өзбекстан Республикасының 1994 жылы туған азаматының жеке заттары арасынан табылған. Ол алкоголь өнімдерін кедендік шекарадан заңсыз өткізіп, багажында жасыруға тырысқан.
Аталған факті бойынша іс сотқа жолданып, Бейнеу аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің тиісті бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 64 875 теңге көлемінде айыппұл салынып, заңсыз әкелінген алкоголь толық тәркіленді.
Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға кедендік ережелерді қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, жеке тұлғаларға алкоголь өнімін бажсыз әкелудің белгіленген нормалары бар екенін хабарлады: 18 жастан асқан азаматтар 3 литрге дейін алкогольді бажсыз әкеле алады, 3-5 литр аралығы үшін қосымша баж төленеді, ал 5 литрден артық әкелуге тыйым салынады.