Бүгінгі таңда 8 ақылы учаскеде орналасқан аркалардағы бейнекамералар орташа жылдамдықты тіркеуде. Бұл туралы орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейнекамералар құқық бұзушылық фактілерін тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды. 2026 жылдың соңына дейін қосымша 16 ақылы учаскеде жылдамдықты бақылайтын жүйені орнату жоспарланған.
Аталған жұмыстар республикалық маңызы бар жолдардың 22 учаскесінде жүзеге асырылды. Олардың қатарында Астана – Щучинск, Алматы – Қорғас, Шымкент – Тараз, Орал – Ресей Федерациясы шекарасы бағыттары және өзге де стратегиялық маңызы жоғары дәліздер бар. Лазерлік қондырғылар жүргізушінің көру аймағына айқын жарық сызықтарын проекциялап, жол бойында нақты визуалды бағдар қалыптастырады. Бұл өз кезегінде - қозғалыс жылдамдығы мен бағытын уақытылы түзетуге; ұзақ әрі бірсарынды учаскелерде рөлде қалғып кету қаупін азайтуға; жүргізушінің зейінін арттыруға және жол жағдайын қабылдауды жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді Иманашев.
Мәселен бұған дейін Астана – Қарағанды – Алматы тасжолында жаңа жылдамдық өлшегіштер орнатылған еді.